Діни сауаттылық-уақыт талабы
- Толығырақ
- Жарияланды 30.11.2016 08:04
- Автор: Super User
- Категория: Дінің тұрсын-дін аман
- Қаралды: 1576
Қазақ халқы «дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» дейді. Қазіргі таңда діннің қасиетінен гөрі қасіретіне көбірек куә болудамыз.
Оның басты себебі, халық арасындағы діни сауатсыздық болып табылады. Қай сала болмасын, ондағы мәселелердің шешімі тек сауаттылықта ғана жатыр.
Сондықтан да бүгінгі күндегі дін саласына қатысты туындап отырған мәселелердің шешімі тұрғындар арасында діни сауатылықты көтеру жұмыстарын қарқынды жүргізуді талап етуде. Бұл жұмыстарда ең басты назар жастар санатына аударылуы тиіс.
Кеңес Үкіметі құлап, тәуелсіздік алған тұстардан бастап, қоғамдағы мемлекет пен діннің өзара қатынастары жаңа арнаға ауысып, атеизм идеологиясы мемлекеттік ұстанымның бір бөлігі болудан қалып, оның орнына қоғамда дүниетанымдық көзқарастардың алуан түрлілігі пайда болып, тұрғындардың мәдени-рухани құндылықтарға, оның ішінде, дінге деген қызығушылықтары артты. Әсіресе, жастар дін тақырыптарын қызу талқылап, рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруда белсенділік танытуда.
Алайда, ата-анасынан дін туралы жастайынан дұрыс мағлұмат ала алмаған жастар үшін, «соқыр тауыққа барлығы жем» дегендей, кім жылы сөйлеп, жағына айтса, сол адамның діни көзқарасы өзгермес өмірлік қағида болып қалуда. Аталған адамның діни көзқарасы тура болса, «қасиетке» бөленгенің, ал бұра тартса, «қасіретке» қалғаның.
Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында, Елбасының «2050 Стратегиясына» сәйкес, Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды.
Аталған бағдарлама бойынша алдағы жылдары орта білім беру ұйымдарының 9-сыныптары үшін «Дінтану негіздері» оқыту курсын міндетті пән ретінде енгізу жоспарлануда. Ол уақытқа дейін «Дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретін дінтанушы мамандарды даярлау көзделуде.
Бүгінгі күні, елімізде бірқатар жоғары оқу орындарында «Дінтанушы» мамандары оқытылуда. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті (Алматы қаласы), Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті (Астана қаласы), Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, (Түркістан қаласы), Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (Қарағанды қаласы), «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті (Алматы қаласы), Шет тілдер және іскерлік карьера университеті (Алматы қаласы).
Жоғарыда аталған оқу орындарында білікті дінтанушы мамандарын даярлау үшін мемлекет тарапынан білім гранттары қарастырылған. Мысалы, 2016-2017 оқу жылында 90 орынға білім гранттары бөлінді. Білім гранттары жыл сайын көбейтілуде.
Елімізде «Дінтану» мамандығынан бөлек, «Исламтану» мамандарын оқыту қолға алынуда. Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті аталған маман иелерін даярлайтын бірегей оқу орны болып табылады. «Исламтану» мамандығына да білім гранттары қарастырылып, алғаш 2013-2014 оқу жылында 100 орынға грант бөлінсе, үстіміздегі оқу жылында 145 орынға грант бөлінді.
Исламтанушы мамандар жергілікті жерлердегі мешіттер мен медреселерде қызмет атқаратын болады.
Соңғы жылдары мешіттерге келуші жамағаттардың басым бөлігін жастар құрауда. Жастардың мешіттерге көптеп келуін рухани тасқынға теңесек, тасқынның алдына бөгет қойғаннан гөрі, тура арна салып, сол арнамен алып жүргеніміз абзалырақ болары хақ. Ол үшін мешіттердегі имамдар қауымы білікті де, білімді мамандардан құралуы тиіс. Міне, осы мақсатта «Исламтану» мамандығының маңыздылығы зор.
Өткен ғасырларда өмір сүрген ата-бабаларымыз ұрпағын жастайынан дін және дүние білімдеріне қатар сусындатып тәрбиелеген. Қазақтар өз балаларын дәстүрлі мектептерден кейін, яғни, ауыл молдасынан сауат ашқаннан соң Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусаиния», Троицкідегі «Расулия», «Уазифа» сияқты ірі медреселерге оқуын жалғастыруға жіберетін. Мысалы, «Ғалия» медресесінде дін ілімдерімен қатар, шығыс тілдері, логика, философия, тарих, математика, география, орыс тілі, адам физиологиясы оқытылатын. Бұл медресенің қабырғасында ХІХ ғасырдың соңымен ХХ ғасырдың басында 300-ден астам қазақ баласы білім алды. Олардың арасында қазақтың белгілі зиялылары Б.Майлин, М.Жұмабаев, Т.Жомартбаев, М.Оразаев, Н.Манаев, Ж.Тілепбергенов және басқалар бар.
Ал енді, қазіргі ұрпақ тарихтан тәлім алып, діни сауаттылықты көтеруге көңіл бөліп, Елбасы айтқандай, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, 2050 жылы тек экономикалық тұрғыда ғана емес, рухани жағынан да дамыған елге айналуы тиіс.
Е.Есмаханов,
облыс әкімдігі дін істері басқармасы бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы
Газет pdf нұсқасы