Дін мен қоғам-егіз ұғым
- Толығырақ
- Жарияланды 04.04.2017 05:10
- Автор: Super User
- Категория: Дінің тұрсын-дін аман
- Қаралды: 1338
Діні әлсіз мемлекеттің рухы берік болмайды. Ата-бабаларымыз осынау ұлан байтақ жерімізді қасық қаны қалғанша қорғап, ұрпағына аманат етті.
Сол аманаттың иесі Тәуелсіз Қазақстанның азаматтары десек, қазіргі таңда ұлтымызға, болашағымызға, бірлігімізге, ел болып дамуымызға зардабын тигізетін кереғар ағымдар белең алуда. Сол себепті де еліміздің түпкір-түпкірінде діни экстремизмнің алдын алу мақсатында дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс жасап келеді. Осы орайда аталмыш топ өткен аптада ауданымызға табан тіреп, “Діни экстремизмнің алдын алу” тақырыбында қала тұрғындарымен бірнеше кездесу жиындарын өткізді.
Топ құрамында облыс әкімдігі оңалту орталығының инспекторы Сержан Култаев, облыс әкімдігі “Дін проблемаларын зерттеу орталығының” инспекторы Жандос Өзбекәлиев және Қаратау орталық мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Әлиев болды.
Балалар өнер мектебінде өткен жиынға мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері, колледж және жоғарғы оқу орынының ұстаздары қатысты. Кездесуді аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жасөркен Жақсылық ашып, һәм жүргізіп отырды.
Алғашқы болып сөз алған Жандос Сүйімжанұлы:
- Елбасымыздың соңғы Жолдауында “Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керектігін, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез-келген әрекетке мүлде төзбеушілікті қалыптастыру керек”, - дегенді айтқан болатын. Осыған орай, қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында өңірімізде де түрлі жұмыстар атқарылуда. Діни риториканы жамылып жүрген халықаралық экстремистік және террористік ұйымдар қоғамда радикалдық көзқарас пен нанымды қалыптастыруға тырысуда. Әлгі ұйымдардың жекелеген адамдардың санасына мақсатты ықпал жасауы олардың отансүйгіштік сезімі мен ұлттық өзіндік сана-сезімін, мәдени-имандылық, отбасылық құндылықтарын жоғалтуына әкеп соғады. Сол себепті де азаматтардың, әсіресе, жастардың жат ағымдардың етегіне еріп кетпеуін бірлесе қадағалағанымыз жөн, - деді.
Шара барысында сөз алған Қаратау орталық мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Әлиев ата дініміздің қадір-қасиетін дәріптей келе:
- Дәстүрлі діндер өздерінің қасиетті жазба кітаптарында ешқандай экстремистік идеяларды қамтымайды. Керісінше адамдарды татулыққа, сүйіспеншілік пен кешірімді болуға шақырады. Ал, дәстүрлі емес діни ағымдарда фанаттық экстремистік идеялары басым болады. Ислам дінінің ешқандай “изм”- ге қатысы жоқ. Ата дініміз бен салт-дәстүріміз сабақтас. Сондықтан, біз рухани азықтанушы жастарға дәстүрлі діндерді дұрыс насихаттасақ, экстремизм мен терроризмнің алдын аламыз деген сенімдемін -деп түйіндеді.
Мұнан соң аталмыш шара қаламыздағы басқа да жұмыс орындары мен мемлекеттік мекемелерде өз жалғасын тапты.
Ернар Әбдіразақ,
Қаратау қаласы.
Газет pdf нұсқасы