Ұрпақ тәрбиесі ұяға да қатысты

Отбасы-адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Қоғамда отбасы екі қызмет атқарады, оның бірі- дүниеге ұрпақ әкелу, екіншісі-дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамытуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, тұлға ретінде қалыптастыру. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала тәрбиесі оның алғашқы күнінен бас­талады. Адамзат ұрпағына отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салысты­руға болмайды. Балаға ата-ана тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алмайды. Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты сондықтан ол қоғам мүддесіне қызмет етуі тиіс. Отбасы-тұлғаны ең алғашқы дамытатын әлеумет­тік орта. Отбасында баланың тұлғалық қасиетіне ықпал ете­тін көптеген жағдайлар болады. Отбасында балалардың мүмкіндіктерін барынша дамытып, оны өмірде қолдана білуге, еңбек етуге, еңбектің қандай түрін болса да атқа­руға психологиялық тұрғыдан даяр болуға, шығармашы­лық әрекетке даярлыққа, әрдайым өзінің білімін жетілдіріп отыруға тәрбиелеу қажет.
Баланың құқығы жөніндегі Конвенцияда (1989) отбасын­да баланың құқығын қорғау, оған қамқорлық жасау көрсе­тілген. Отбасындағы жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына ата-ананың, отбасы мүшелерінің қарым-қаты­насындағы мейірімділік пен махаббат қажет. Толық мәнді отбасы болу үшін ата-ананың және басқа отбасы мүшелері­нің береке-бірлікті, түсінікті сақтауы, сонымен қатар, әр отбасы мүшесінің құқығы қорғалуы тиіс. Тек осындай ізгі­лікті мұраттар отбасында орын алғанда ғана, Отанын, елін-жерін сүйетін, өз ұлтының салт-дәстүрін, сонымен бірге, жалпы адамзаттық мәдени құндылықтарды бойына сіңі­ріп, кісілік келбетін сақтай алатын тұлға қалыптастыруға бола­ды. Бала отбасынан жақсыны да, жаманды да бойына сіңіреді. Сондықтан, халқымыз «Бала ұяда не көрсе, ұшқан­да соны іледі»-деп текке айтпаған.
Отбасы-адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы,алтын бесігі. Алайда, өмірде болып жатқан тұр­мыстың бұзылуы мен экологияның бүлінуі секілді әлеумет­тік-экономикалық және демографиялық өзгерістер отба­сына белгілі бір қиыншылықтар туғызуда. Отбасы табысы азайып, отбасы құрамы өзгеріп, толымсыз отбасылар көбейді,ата-аналардың ажырасуы орын алып,отбасында тәрбиеленетін балалар саны азайды. Осының барлығы қо­ғамдағы адамдар арасында қалыптасқан құндылық бағыт­тарын өзгертіп, бала тәрбиесіне нұқсан келтіріп отыр. Ата-ананың тәрбиесі бала мінезінің іргетасы. Сондықтан, балаға өмірінің алғашқы жылдарынан-ақ адамгершілік се­зім­дерін сіңірудің орны бөлек. Ол халқымыздың салт-дәстүрлері арқылы жүзеге асырылады. Ғасырлар бойы қазақ отбасында сақталған тәлімдік дәстүрлер мол. Дәстүр,әдет-ғұрып пен салт-сана қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың түрлерін,қоғамның мәдени деңгейін көрсетумен қатар, тәрбие талаптарының негізін құрайды. Сонымен қатар, адамдар­­дың қоғамдасып өмір сүруінің және ұйымдасуы­­ның маңызды формаларын көрсетеді. Халықтың ізгі мақсаты мен жүрек түкпірінен шымырлап шыққан ақ тілегін көрсететін салт-дәстүрін бүгінгі отбасы тәрбиесінде пайдалану арқылы біз қазіргі қоғам талабына сай жан-жақты қалыптасқан жеке тұлғаны тәрбиелеуге мүмкіндік аламыз.
Бала тәрбиесінде ата-аналар мектеппен тығыз байланыс орната отырып, осы дәстүрлерді отбасында ұйымдастыра білсе,үлкен тәрбиелік жұмыстарды атқарған болар еді. «Сүтпен біткен мінез, сүйекпен кетеді» деген мақал, ең алдымен, тәрбие мәселесіне қаншалықты терең мән берілетінін көрсетеді: «Тәрбие-табалдырықтан басталады» де­ген нақылдың өзі өмірден алынған шындық. Сондықтан да халық өмір есігін енді ғана ашқан бала тәрбиесін бесік­тен бастаған. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтың аталы сөзі де осы отбасы тәрбиесінің маңызын айқындайды.

Мырзабай Қайырбай,
тарихшы, әлеуметтік педагог.
«Бейбітшілік әлемі» алтын медалының иегері.
Ш.Смаханұлы атындағы орта мектеп.
С.Шәкіров ауылы.

FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер