Жорықты жылдар...Ұйқысыз түндер...
- Толығырақ
- Жарияланды 06.05.2015 11:46
- Автор: Super User
- Категория: Ұлы Жеңіске 70 жыл
- Қаралды: 1783
Қамысбай Сауқымов, «Талас тынысы»
Соғыс басталғанда Ахыт ағамыз небәрі 17 жаста ғана еді. Өмірдің қызығына енді ғана бас сұғып, сезімнің құшағына оранған албырт жастың қуанышы қыр асып кете барды.
Байқадам-Жамбыл аралығындағы тас жолды салуға атсалысып жатқан ол соғыстың алғашқы күнінен-ақ аудандық әскери комиссариатқа барып, майданға баруға өтініш білдірді. Бірақ, өтінішін кейінге қалдырыла берді. Жалынды жас та алған бетінен қайтпай, әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырып жүріп, ақыры 1941 жылы қыркүйекте майданға аттанды.
Саратов қаласында 2 айлық дайындықтан өткен олар атқыштар полкі құрамында Белорусияның Могилев облысына қарасты Пропоиск қаласының түбінде алғашқы ұрысқа кірді.
Соғыстың аты-соғыс... Ысқыра атылған оқ, гүрсілдей жарылған снаряд даусы, ыңырсыған жауынгерлер, отқа оранған аймақ... Қанша жанкеншті болып тусаң да, мынадай сұрапылда денеңнің дірілдемеуі мүмкін емес. Оның үстіне, ұрысқа алғаш рет кіріп отырсаң. Өзің өлмес үшін, сені өлтірмес үшін сен де жауына оқ атып, оны бірінші өлтіруге тырысасың. Бұл- соғыс заңы, соғыс серті.
Сәлден соң Ахыт ағаның да мына көрініске еті үйреніп, жауына қайсарлықпен оқ жаудырды. Табанды ұрыс жау қамалын талқандап, олардың сау қалғаны кейін шегініп, жан сақтады.
Осы жолғы ерге тән қимылы үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен наградталып, жауға деген өшпенділігі одан сайын арта түсті.
1943 жылы Вологда қаласын азат ету шайқасында жау пулеметінің үнін өшіріп, жауынгер достарының алға жылжыуына жағдай жасайды және өзі 6 фашистің көзін жойып, ұрыс соңына дейін шайқасып, иығынан ауыр жараланады да, госпитальға түседі. Осы жолғы ерлігі үшін 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталады.
2 ай өткенде иығы жазылып, Ахыт аға қайтадан майданға алғы шепке жіберілді. Осылай жорық жолы тағы да жалғасады. Ол бұл соғыста не көрмеді. Шегінген неміс фашистері бүтіндей деревняларды өртеп, орманды отқа орап кетіп жатты. Еңсесі езілген қариялар мен шырқырай жылаған балалардың даусынан көмейіңе өксік жиналатын. Жиналатын да, тісін шықырлатып, ашынатын, фашистерге лағнет жаудырып, қаруын қыса ұстайтын.
Соғыстың желімен Ахыт аға Украина жеріне де табан тіреді. Орманы сыңсыған, тауы да бар бұл өлке өте сұлу екен. Әттең, сол ғажайып көріністі от пен түтін тұмшалап тастапты. Мұнда да сол бір көрініс. Қираған техника, жалын құшқан хуторлар, шаршаған тұрғындар...
1943 жылы Днепердің арғы бетіне алғашқылардың бірі болып өтіп, жау окопына баса-көктеп кірген ол сол жерде фашистермен қоян-қолтық ұрыса жүріп, оншақтысын жер жастандырады. Ерлігі басқаларға үлгі болып, сол жолы жаудың көзін түгелдей жояды.
Осы ұрыстағы жанқиярлық ерлігі үшін Даңқ орденімен наградталды. Қырдың қайсар жігіті бұл кезде «жау қайдалап» тұратындай еді. Украинаның біраз қалалары мен деревняларын, оның ішінде, Киевті де азат етуге қатысты.
1944 жылы мамыр айында Жеңістің қарлығашындай болып, елге оралған Ахыт Бекішов мал дәрігері болып, зейнетке шыққанға дейін қызмет етті.
Бұл күнде майдангер атаның 3 ұл, 5 қыз, 17 немере, 1 шөбересі бар. Батыр майдангердің өнегелі жолын ұрпағы жалғастырып келеді. Бақыт деген осы болса керек.
Газет pdf нұсқасы