Тараздағы тартысты ойын ардагер спортшылар арасында өтті
- Толығырақ
- Жарияланды 21.09.2015 04:06
- Автор: Super User
- Категория: Ұлы Жеңіске 70 жыл
- Қаралды: 1992
Ұлттық салт-дәстүр, жол-жоралғы заманмен үндесіп жатса, қандай ғанибет! Жуырда «Тараз-Арена» спорт сарайында волейболдан болып өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мен Жеңіс солдаты, соғысқа қатысушы, екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендері мен бірнеше медальдардың иегері, Талас ауданы Үшарал ауылының тумасы Патшабек Тілеубаевты еске алуға арналған халықаралық жарыс осыған дәлел. Халықаралық болатын себебі, доп додасы Қазақстанның төрт облысы мен көрші Өзбекстанның ардагер волейболшылары арасында өтті. Бұл іс-шара ардагер жауынгер рухына құрмет көрсету әрі өңірде салауатты өмір салтын насихаттау деп бағалауға лайық.
Жасы 54-тен асқан ардагер волейболшылардан жасақталған командалар арасындағы ойындар ә дегеннен-ақ қыза түскен. Алды сексенге, соңы алпысқа келіп қалған спортшылар «шал» дейтіндей емес, қимылдары ширақ. Доп алыстары жеңіл. Ал, тордан асырыла берілген допты шегелей соққанда жерді тесіп жібергендей.
– Адамдардың денсаулықтарын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізіліп отырған бұл жарыстың маңызы зор. Бұл елімізде кең етек алған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының іс-жүзіндегі жарқын көрінісі, - деді жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі, облыстық волейбол федерациясының президенті Кәрім Көкірекбаев. Өңір басшысы доп додасына қатысушыларға қош келдіңіздер айтып, осы іс-шараның ұйымдастырушы-демеушісі, облыстық ардагер волейболшылар федерациясының вице-президенті Шайнияз Патшабекұлы Тілеубаевқа әке әруағын әспеттеуді бұқаралық спорт шарасына ұластырғаны үшін ризашылығын білдірді. Жарысқа қатысушыларға жеңіс тіледі.
– Ардагер волейболшылар арасында осындай спорттық сайыс өткізу біраздан бері қалыптасқан дәстүр. Бұл біз үшін де, өскелең жас ұрпақ үшін де қажетті шара. Спорт – денсаулық кепілі, бейбітшілік елшісі екені баршаңызға аян. Оған қоса, бұл іс-шараның тарихи оқиғаға арналуы, Отан үшін от кешкен, соғыста ерен ерліктер көрсеткен майдангер әруағына бағышталуы жас ұрпақты ұлттық дәстүр, отаншылдық рухында тәрбиелеудегі орны ерекше, - деді Алматы қаласы командасының ойыншысы әрі қонақ, волейболдан КСРО спорт шебері, отставкадағы генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев.
Жарысқа екі бердей команда жасақтап әкелген Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов «білім мен еңбек егіз болса, адамдар санасын сергітіп, денесін ширатуда спорттың атқаратын рөлі бөлек» деген пікірін білдірді.
Доп додасында керемет ойын өрнегін көрсеткен ойыншы, волейболдан тағы бір КСРО спорт шебері, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ұзақ жылдар еңбекті спортқа ұштастырып жүргені байқалады. Пайғамбар жасына келген ойыншының ширақ қимылдары, доп алысы, кез-келген жағдайдан жасаған соққылары спорт денсаулық кепілі екенін дәлелдегендей әсер қалдырды көрермендерге.
Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен спорттық іс-шара екі күнге ұласты.
Жамбыл облысының «Ардагер» командасы жүлделі үшінші орын үшін болған ойында Өзбекстан ардагер волейболшыларынан айласын асырып кетті. Жеңіс-жамбылдықтарда. Дегенмен, осы доп додасында ташкенттіктер тамаша ойын өрнегін көрсеткенін айта кетуіміз керек.
Жеңімпаздық үшін болған ақтық сында алматылықтар үздік екенін дәлелдеді. Оңтүстік Қазақстан облысының ойыншылары да оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Ойынның екі кезеңінде де текетірес ерекше көрініп тұрды. Құйысқан тістескен бірінші кезеңде есеп 28:26-ға дейін жетіп жығылған. Әр ұпай үшін болған тартысты көрермендер тым-тырыс, демін ішке тартып отырып тамашалады.
Бірінші кезеңде есе жіберіп алған шымкенттіктер қанша тырысқанымен алғашқы ойыннан әжептәуір қанаттанып қалған алматылықтар тізгінді берген жоқ ойын аяғына дейін.
Нәтижесінде алматылықтар – бірінші, шымкенттіктер – екінші орында.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге жарыс демеушісі арнайы тағайындаған кубок, медальдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Спорттық сайыстан кейін «Сәтті» мейрамханасында берілген аста майдангер Патшабек Тілеубаев пен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер рухына құран, дұға бағышталды.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды»,- деген ниетте келген қонақтар «жиынның арты той болсын» деп тарасты.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
журналист.
Суреттерде: турнир барысынан көріністер.
Суреттерді түсірген: Н.Рахымбаев.
Газет pdf нұсқасы