Сұлтандар сыны

Қазақ хандығының 550 жылдығына о­рай, аудан әкімдігі ішкі саясат бөліміне қарасты «Талас жастар орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен сұлтандар сыны байқауы болды.
Қаламыздағы Бала­лар өнер мектебінде өткен дарынды жастарды қолдау, шығармашылық деңгей­лерін арттыру, оларды отансүйгіштікке баулу, ата салтын насихаттай отырып, нағыз қазақ жігітінің бойындағы қасиеттерін ашу мен өнер - білімге құш­тарлығын арттыру мақсатында сайдың тасындай іріктелген жігіттер аудандық «Жігіттер сұлтаны» байқауында бақтарын сынады.
Байқау ережеге сәйкес төрт кезең­нен тұрды. Алғашқы «Таныстыру» бөлімінде ата-тегін тегіс таныстырған жігіттер жетелі елдің баласы екендіктерін көрсете білді. Келесі «Жігітке жеті өнер де аз» кезеңінде сынның аты айтып тұрғандай, қызыләуіттік Әділет Шоқалақов пен көкталдық Ризат Қойшыман ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың Шә­міл­ге жазған хаттарын жүрекпен жеткізе оқыса, майтөбелік Айдынбек Әліпбай әуезді әнімен жүректерді әлдиледі. Ал, білекті де жүректі аққұмдық Аян Рысбай жеңіл көлікті тікесінен тік тұрып тісімен тартса, қаратаулық Ернар Алпысбаев білек күшінің мығым екенін кір тасын көтеру арқылы дәлелдеді. Жарыстың үшінші «Күш атасын танымас» кезеңінде ұлттық ойындардың бірі қазақ күресінен сынға түсті. Кілемге кезек-кезек көтеріліп белдескен жігіттер арасынан Аян Рысбай балуан атанса, екінші жүлде Әділет Шоқалақовтың қанжығасына байланды. Жүлделі үшінші орын Ернар Алпысбаевқа бұйырды.
Сайыпқырандар сайысының қорытындысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Тыныс Сейдуанов байқау барысына тоқталып, байқаудың жеңімпазы Әділет Шоқалақовты, екінші жүлде иегері Айдынбек Әліпбай мен үшінші орынға табан тіреген Аян Рысбайды құттықтап, ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған арнайы диплом мен бағалы сыйлықты табыс етті. Сонымен қатар, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов «Тапқыр жігіт» номинациясымен Ризат Қойшыман мен «Білекті жігіт» атағына лайық болған Ернар Алпысбаевты марапаттады.

FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер