Бақытты шаңырақ- қоғам қазынасы
- Толығырақ
- Жарияланды 21.09.2015 03:53
- Автор: Super User
- Категория: Өнерлінің өрісі кең
- Қаралды: 1791
Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"
Отбасын құру - адамның өте маңызды, аса жауапты ісі. Ол өмірді қалыпқа түсіреді, бақытқа бастайды. Жас жұбайлардың осы бір маңызды міндетті қаншалықты меңгеруі жеке адамның бақытына ғана емес, бүкіл қоғамның әсемдігіне, мемлекеттің өркендеуіне әсер етеді. Жарасымды отбасы жақсы ұрпақ қалыптастырады.
Балалар өнер мектебінде «Бақытты отбасы- ел тірегі» атты жас отбасыларының аудандық байқауы болып өтті.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жасөркен Жақсылық жас отбасылардың бүгінгі таңда белсенді әлеуметтік көзқарасын қалыптастыру жайында әңгімелесе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жапар Шәріпов: - Өнегелі бала тәрбиелеу нағыз отбасыларының қолынан келеді. Шаңырақта шаттық болса, бала бақытты. Патриотизм дегеніміз- тек елін сүю ғана емес, үлгілі перзент тәрбелеуден тұрады. Бүгінгі бала- ертеңі ел болашағы,- деп отбасы беріктігін сақтап, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге шақырды.
Жалпы, қала мен ауыл-аймақтардан келген үш жас отбасы байқау шартына сәйкес алты кезең бойынша сынға түсті. Жас жұптардың алғашқы танысу сәттерін сырға толы сөзбен жеткізулері, қысқаша көріністері мен үй болу тарихын баяндаулары әсерлі шықса, «Өнерлі отбасы» бөлімінде жас шаңырақтардың талантына көпшілік қошеметін аямады.
Сондай-ақ, аталмыш шарада халық даналығы мен қазақтың салт-дәстүрінен қойылған сұрақтарға да қатысушылар жоғары деңгейде танымы мен білімдерін көрсете білді.
Байқау қорытындысы бойынша Талапты ауылынан келген Рахат Жұмабаев пен Мөлдір Тастанбекованың жұбы 1-орынды иеленсе, №26 БЖСМ директорының орынбасары Мақсат Тұрсынбай және зайыбы Айсұлу Байболатова жүлделі 2-орынды иеленді. Ал, Үшарал ауылынан келген жас отбасы - Ақниет Әділбеков пен Таңшолпан Батырбаеваға 3-орын бұйырды. Қатысушыларға дипломдар мен сый-сияпаттар тапсырылды. Жеңімпаз отбасы алда облыс көлемінде өтетін байқауда аудан намысын қорғайтын болады.
Газет pdf нұсқасы