Аудан абыройын асқақтатты
- Толығырақ
- Жарияланды 13.04.2015 03:48
- Автор: Super User
- Категория: Спорт
- Қаралды: 1486
Жуырда Көкшетау қаласында бокстан Кеңес Одағының спорт шебері А.Сатыбаевты еске алуға арналған 1997-1998 жылы туылған жастар арасында ашық республикалық турнир болып өтті.
Байрақты бәсекеге Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Петропавл, Шымкент, Семей және көршілес Қырғыз елінен 100-ге тарта былғары қолғап шеберлері бақ сынады. Төрт күнге созылған дүбірлі додада «Талапты» орта мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрзат Жақып 46 келі салмақ дәрежесінде облыстық құрама сапында өнер көрсетті. Алғашқы айналымда ақтөбелік және көкшетаулық қарсыластарынан басым түсіп, ақтық сында айыр қалпақты ағайынға есе жіберіп, күміс жүлдені иеленді.
Таланттардың талабын байқап, жаттығуларына мүмкіндіктер туғызып отырған Құлекеевтер әулеті мен Бостандық ауылындағы спорт мектебінің басшылығына алғысымызды білдіреміз. Аядай ауылда туып, аудан абыройын асқақтатып, ел намысын қорғап жүрген өрендеріміздің жеңістері кейінгілерге үлгі. Талапты жастарды табыстарымен құттықтап, биік белестерден көріне беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Н.Қырғызбаев,
Бостандық ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бокс бөлімінің меңгерушісі.
Газет pdf нұсқасы