Спартакиада жеңімпаздары анықталды
- Толығырақ
- Жарияланды 02.09.2016 05:34
- Автор: Super User
- Категория: Спорт
- Қаралды: 1489
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және 30 тамыз – Конституция күніне орай аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Қаратау қаласының «Кеншілер» саябағында «Ата Заң – еліміздің татулығы» тақырыбында аудан жастары арасында спартакиада өткізілді.
Аталған спорттық шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Жақсылық салауатты өмір салтының жастар арасында қалыптасуының маңызы өте зор екенін айта келе, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спартакиада барысында Қаратау қаласынан және ауылдық округтерден келген 15 команда волейбол, кіші футбол, арқан тартыс, эстафета, гір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен сынға түсті. Кіші футбол жарысында Қаратау қаласының №5 өрт сөндіру бөлімінің командасы үздік ойын көрсетті. Ал, волейболдан аудан әкімдігі білім бөлімінің командасы алға шықса, арқан тартыста Қызыләуіт ауылының командасы бірінші орынды иеленді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі гір тасын көтеруде өздерінің мықтылықтарын танытты. Сондай-ақ, эстафета жарысында Бостандық ауылы топ жарды.
Спартакиаданың жалпы командалық қорытындысы бойынша төрешілердің шешіміне сәйкес, аудан әкімдігінің білім бөлімі І орынды иеленсе, ІІ орынды балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы иеленді. Ал, Қызыләуіт ауылдық округінің командасы үшінші орынға табан тіреді.
Ойынның соңында жеңімпаздарға кубоктар, бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Жазира КӨЛБАЕВА,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бөлім меңгерушісі.
Газет pdf нұсқасы