Неке бұзу және алимент өндіру тәртібі
- Толығырақ
- Жарияланды 28.10.2016 08:10
- Автор: Super User
- Категория: Құқық
- Қаралды: 2470
Халқымыз «Отан - отбасынан басталады» деген екен. Отбасынан отан түзелген ұлтымызда қазіргі кезде некеге тұруға ниет білдіріп, заңды некелері қиылғаннан кейін ұзақ уақытқа созылмай, осы некені бұзуға асығыстық танытатын жұптар аз емес. Мұндай асығыстық шешімдер мен қателіктерге көбіне жас отбасылары жол береді. Бастарына түскен қиыншылықтар мен материалдық тапшылықтарға төзе алмай, асығыс шешім қабылдап жатады.
Алайда, соттардың тарапынан мұндай талап арыздарға аса көңіл бөлініп, осы санатты істерді қарау барысында соттар, тараптардың өзара татуласып, отбасын сақтап қалулары үшін бар күш жігерін салады. Себебі, некені бұзуға ниеттенген отбасының мұндай келеңсіз мәселесі, тек сол отбасының ғана емес, жалпы мемлекеттің де аса маңызды мәселелерінің бірі болып табылады.
Бұл мәселе қолға алынып, некені барынша сақтап қалуда мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалынуда. Мысал ретінде, елбасының түрлі тақырыппен бастау алып жатқан бағдарламалары. Солардың ішіндегі балабақшалар мен мектепке дейінгі орталықтар ашу, жастарды баспанамен қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту бағдарламалары жастар арасындағы, жас отбасылар арасындағы өзекті мәселелерді шешудің айқын көріністері.
Сонда да, ешнәрсеге қарамастан, некені бұзуға сенімді түрде бет алған, көмекке мұқтаж немесе жұбайының ерінің, балаларының әкесінің асырауынсыз қалған, құқықтары мен мүдделері бұзылған жандар аз емес. Сол жандардың назарына мақала тақырыбында келесідей ақпараттар ұсынуды жөн көрдік.
Жалпы, неке азаматтық хал актілерін жазу органдарында кәмелетке толмаған ортақ балалары болмаған жағдайда және мүліктік және өзге де талаптар қоймайтын ерлі зайыптылардың араларында некені бұзуға өзара келісімдері бар кезде жүргізіледі. Сонымен қатар, ерлі зайыптылардың араларындағы балаларының болуына қарамастан, егер ерлі зайыптылардың біреуі сотпен хабар ошарсыз кетті немесе әрекетке қабылетсіз деп танылса, қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған болса да, некені бұзу азаматтық хал актілерін жазу органдарында тиісті тараптардың арыз жазуымен жүзеге асырылады.
Егер, ерлі–зайыптыларда кәмелетке толмаған ортақ балалары болса, ерлі –зайыптылардың біреуінің некені бұзуға келісімі болмаған кезде және мұндай келісімнің болуына қарамастан некені бұзудан өз әрекеті немесе әрекетсіздігімен жалтарса, ерлі – зайыптылардың бір- біріне деген мүліктік талаптары болса, онда некені бұзу – сот тәртібімен жүзеге асырылуға жатады.
Некенің сот тәртібімен бұзылуы үшін талап қоюшы жақ, яғни некені бұзуға ниет білдірген ерлі-зайыптылардың бірі қажетті құжаттарын жинап, неке қию туралы куәліктің түпнұсқасын, мемлекеттік баж салығын /637 теңгені/ төлегенін растайтын түбіртекті тіркеп, некені бұзу туралы талап арызын дайындап, оны сотқа өткізеді. Өткізілген құжаттар мен талап арыздың дұрыстығы талап арыздың сот өндірісіне қабылдануының кепілі. Берілген талап арыз 5 жұмыс күні ішінде қабылданып, азаматтық іс қозғалады. Жоғарыда көрсетілген талаптарға сай берілмеген талап арыздар қайтарылуға немесе қабылдаудан бас тартылуға жатады. Өндіріске қабылданған, неке бұзу туралы мұндай істер 2 айлық мерзімде өз шешімін табуы қажет. Жауапкер жағы некені бұзуға келіспеген жағдайда, соттан татуласу үшін 1 айдан 6 айға дейін мерзім сұрауға құқылы. Тараптар татуласқан жағдайда талап қойған тұлға арызын қайтарып алуға немесе арызынан бас тартуға құқылы. Ал, берілген мерзім ішінде ерлі-зайыптылар татуласпаған жағдайда, соттың негізді шешімі шығарылады.
Некені сот тәртібімен бұзу сотқа талап арыз берілген күннен бастап бір ай өткеннен кейін жүзеге асырылады. Сот шешімінде ортақ некеден туылған балалардың кімнің асырауында, тәрбиесінде қалатыны және мүліктік даудың бар –жоқтығы жөніндегі мәселелер шешіліп, ол туралы көрсетіледі. Неке сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бұзылды деп есептелінеді. Заңды күшіне енген сот шешімі тараптарға немесе бұрынғы ерлі–зайыптыларға некені бұзу туралы куәлікті алуға мүмкіндік береді. Некені бұзу туралы куәлікті бергенде сот шешімі бойынша қай тараптан мұндай куәлікті алу үшін мемлекет кірісіне төленуге жататын мемлекеттік баж өндірілген болса, сол тараптан ол жөніндегі түбіртек талап етіледі.
Ерлі-зайыптылардың алименттік міндеттемелері туралы. Ерлі –зайыптылар бір-бірін материалдық жағынан қолдауға, асырап бағуға міндетті болғандықтан, сол көмекке мұқтаж ерлі-зайыптылардың біреуі некеден жасы кәмелеттік жасқа толмаған ортақ балалары немесе өзінің бала күтіміне байланысты үйде отыруы кезінде заңмен көзделген тәртіпте сот тәртібімен алимент өндіре алады. Жасы кәмелетке толмаған балаларына алимент өндіру көбіне борышкерді шақыртпастан, сот бұйрығын шығару арқылы 3 жұмыс күні ішінде шешімін табады және шығарылған сот бұйрығы лезде орындалуға жіберіледі. Егер, борышкер соттың шығарған бұйрығымен келіспесе, онда сотқа өзінің қарсылығын, қарсылығының мәнін қуатайтын уәждерін келтіруі тиіс. Мұндай жағдайда, сотпен бастапқыда шығарылған сот бұйрығын бұзылуға жатады.
Жұбайының асырауына өндірілетін алимент түрі талап қою арызын беру арқылы 1 ай мерзім ішінде қаралып, жауапкер сот отырысына шақыртылып, оның түсініктемесі мен жауабы алынғаннан кейін, ерлі-зайыптылардың (бұрынғы ерлі-зайыптылардың) материалдық және отбасы жағдайына қарай, және тараптардың құқықтары мен мүдделері теңдігін сақтай отырып, соттың ері жұбайының асырауын міндеттейтін негізді шешімі шығарылады. Шешімнің алимент өндіру бөлігі жылдам орындалуға жіберіледі.
Жоғарыда көрсетілген неке бұзу туралы және алимент өндіру туралы талап арыздар арызданушының жасы кәмелетке толмаған балалары болған жағдайда өзінің мекен –жайы бойынша орналасқан соттың қарауына беріледі немесе талап қойып отырған тұлға өз қалауы бойынша жауапкердің мекен-жайы бойынша орналасқан сотқа жүгіне алады.
Қорытындылай келе, Отанымыздың кішкентай отбасы деп аталатын отандарының әрбірінің бейбіт те, бақытты ғұмыр кешулеріне, әрбір отбасына болашағына балта шауып, өз тағдырларына үзілді кесілді қарамауларына тілектес екенімізді айтқымыз келеді.
Маржан Байтасова,
Талас аудандық сотының судьясы.
Газет pdf нұсқасы