Ел тілегі ескерілді
- Толығырақ
- Жарияланды 04.11.2016 05:51
- Автор: Super User
- Категория: Жағымды жаңалық
- Қаралды: 1549
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы аумалы кезеңде ауданымызда қиындықтарды жеңіп, ырысын сақтап қалған ауылдың бірі - Қызыләуіт.
Мемлекет қамқорлығы мен ағайындардың ауызбіршілігі арқасында бүгінде іргесі бүтін, көрерге көңіл тоятын мерейлі мекенге айналды. Дегенмен, көптен тұрғындардың көңілінде жүрген түйінді мәселе жуырда ел мүддесін ескерген естияр азаматтардың арқасында шешімін тапты.
Ауылдан шығысқа қарай 2 шақырым қашықтықта “Шұқырәуіт” әуіті бар. Қайнар ауылдың 300-ге жуық шаңырағы мен маңайда орналасқан 24 шаруа қожалығын қажетті сумен қамтамасыз етіп отыр. Екі аралықты байланыстырып тұрған “Оман” каналы кешегі совхоз ыдырамай тұрған шақтан бері тазаланбаған. Күтім көрмегендіктен арнаның ағысы да баяу.
Ауылдың көк желегі мен көпшіліктің шаруаларын келтіріп отырған әуіт суын тазартуға байланысты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынбек Ахметов және Манатбек Мәселбеков, Марат Тәттібаев бастаған еңбек ардагерлері мәселе көтерген болатын.
Орынды ұсыныс пен өзекті мәселе ескерусіз қалған жоқ. «Талас Инвестмент Компани» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Бақтияр Алдашовтың демеушілік ықпалымен оң шешімін тапты. Мекеме басшысы қажетті техика бөлдіріп, ауылға тартылған каналды тазартып берді.
Игі іске елдің ризашылығы шексіз. Ауыл тұрғындары ел тілегін ескерген мекеме басшысы мен жұмыстың сапалы атқарылуын қадағалаған Шәріп Бейсеновке алғыстарын білдіреді.
Алдаберген Байпақов,
еңбек ардагері.
Қызыләуіт ауылы.
Газет pdf нұсқасы