Көлге шабақтар жіберілді
- Толығырақ
- Жарияланды 04.11.2016 05:54
- Автор: Super User
- Категория: Жағымды жаңалық
- Қаралды: 1386
Гродеково ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығы мен «Ақкөл» көлін пайдаланушы «Қойшыбай ата» шаруа қожалығы арасындағы келісім-шартқа орай, «Ақкөл» көліне шабақтар арнайы көлікпен жеткізілді.
Бұл жолы «Ақкөл» көліне 5 мың карп шабақтары жіберілді. Көл басында Талғат Әбішов бастаған балықшылар балық шабақтарын көлге жіберудің куәсі болды. Бұл нәсібін көлден көріп отырған балықшылардың мерейін тасытты десе болғандай. Алдағы бір-екі жылда бұл жіберілген шабақтың әрбірінің берер өнімі мол боларына олардың сенімі зор.
Жыл басында «Қойшыбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Ақынбек Бектай аталмыш «Сандель» шаруа қожалығымен келісімге тұрып, көктем айында “Ақкөл” көліне шабақтардың бірнеше түрінен көптеп алдырып, көлге жіберткен болатын. Міне, бұл жолы тасымалданған 5000 карп шабақтарын аталмыш шаруа қожалығынан 175 мың теңгеге сатып алуға қол жеткізді.
Бұл жерде тасымалданған шабақтар облыстық ветеринариялық санитарлық тексеруден заң аясында өткізілгендігін айта кеткеніміз жөн болар.
«Сандель» шаруашылығы (басшысы Хусаин-Ахунов Дилмұрат) балық шабағының 4 түрін яғни сазан, карп, ақ амур, дөңмаңдай өсірумен айналысатын облыстағы ірі шаруашылықтың бірі де бірегейі. Шаруашылыққа қарасты 8 тоған, 9 бассейн, сондай-ақ, көлемі 162 шаршы метрлік инкубаторлық цех бар.
Міне, бүгінде шаруасын шалқытқан шабақ өсірушілер облыс көлеміндегі сұранысты толығымен қанағаттандырып отырған жайы бар.
Алдағы уақытта да көлге қосымша балық шабағын жіберу жоспарда бар.
Сәбен ҚОЙШЫБАЙ.
Ақкөл ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің орманшы - қорықшысы.
Газет pdf нұсқасы