Балапандай қызымыздың бағы жанды

Алматы қаласында өтетін «Күз – береке» атты балалар мен жасөспірімдер байқауын ұйымдастырушылардан аудан­дық білім бөліміне хат келгенде бұл байқауға кімді жіберуге болады, кім лайық деген сауалдардың болғаны рас еді.

Содан хатты А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияға беріп, байқауда барын салатын өнерлі оқушыны жіберу керектігін түсіндірген болатын.
Гимназия ұжымының қалауы осын­дағы 1 «ә» сынып оқушысы Маржан Естебекке түсті. Балабақшада жүріп-ақ зейін-зеректігімен, өлеңдерді жатқа айтатын қабілетімен, тілінің тазалығымен көзге түскен Маржан қызымыз гимназия табалдырығын аттасымен-ақ өз өнерімен өзгелердің алды болып, көзге түсті.
Міне, енді сол бүлдіршін қыз респуб­ликалық байқауға ақын Жүрсін Ерманның «Күзгі жыр», Қалқаман Сариннің «Күз» атты өлеңдерін дайындап, Алматыдағы байқауда бақ сынап, ұстаздары мен ата-анасының үмітін ақтады.
Бес номинация бойынша өткен байқауда Маржан «Көркемсөз» номинациясы бойын­ша бас жүлдені қанжығалады.
Байқауға қазылық еткен мәдениет қайраткерлері сонау шалғайдағы ауданнан келген балапандай қыздың тілінің таза­лығына, сөз мәнеріне, сахнада өзін еркін ұстайтын қасиетіне таңдайларын қағысып, оның болашағынан көп үміт күтуге болатынын ашық айтты.
Иә, тіп-титімдей талантты қыз – Маржан өзі білім алып жүрген гимназияның ғана емес, бүкіл бір ауданның атын асқақтатып келді. “Өнеріңді өрнектей өріп, өмірдің өрінде қиналмай, талабыңды шыңдай бер, Маржан”, - дейміз.

FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер