Әңгіме арқауы-экологиялық проблемалар
- Толығырақ
- Құрылды 20.04.2015 04:20
- Категория: Мақалалар
ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов еліміздің өңірлерін аралап, сайлаушылармен кездесулерін жалғастыруда
ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов мекеме жұмысшыларын өз сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.
Ә.Құсайынов атап өткендей, экологиялық проблемалар күрделі әрі өзекті болып табылады.
«Экология – адамзат тіршілігінің маңызды факторы. Біздің айналамыздағының бәрі – табиғат, біздің өмір сүріп жатқан ортақ әлеміміз. Технология ілгері дамыған сайын, «жасыл» орта осалданып барады.
Табиғат ресурстарын мақсатты әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың жоспарлы жүйесін енгізу ең басты міндетімізге айналуы тиіс», - деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Кездесу барысында кандидат, сондай-ақ, әлем бойынша бірегей табиғи кеңістіктердің күрт азайып бара жатқанын сөз етті.
Мысалға, Жер шарындағы халқы көп аймақтарда жаһандық экожүйенің маңызды бөлшегі – батпақты жерлердің 90 пайызы мүлде жойылған.
Бүгінде, бір адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қажетті жердің көлемі, әлем бойынша, 21,9 гектарға тең. Ал, Жер шарының биологиялық мүмкіндігі 15,7 гектарды ғана құрайды. Яғни, өздеріңіз байқағандай, “Жерді мекендейтін 7 миллиард адамның әрбіреуін таза, ластанбаған, құнарлы жермен қамту үшін кем дегенде 6,2 гектар жетіспейді. Бұл өте күрделі мәселе”, - деді Ә.Құсайынов.
Кандидат ХІХ ғасырдың соңынан бері әрбір жаңа онжылдық алдыңғысына қарағанда жылынып бара жатқанын мәлім етті. “ХХ ғасырдан бері орташа ауа температурасы 0,74 градусқа өсті. Мұның үштен екі бөлігі соңғы отыз жылға тиесілі. Тұрақты температуралық көрсеткіш ғасырлар бойы сақталып келген табиғат үшін бұл – үлкен өзгеріс”, – деді Әбілғазы Құсайынов.
Көптеген елдерде жасыл технология өндіріске енгізілмей келеді, тіпті, оны жатырқап отырғандар қаншама?! Табиғи ресурстар кешенін біріктіретін ортақ термин – экологияны күйзеліске ұшыратқан мұндай күрделі жағдай амалсыз ертеңгі күніңді алаңдатады.
“Экология-біздің ортақ үйіміз, ғаламшарымыз туралы ғылым. Ғаламшарымыз жалғыз, сондықтан, оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек”,-дейді кандидат.
Өз сөзінде Ә.Құсайынов әрбір азаматты экология мәселесіне белсене араласуға шақырды. Экологиялық тепе-теңдікті сақтау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті ұстану идеясын насихаттауда азаматтық қоғам өкілдерінің рөлі орасан. Қоғамдық ұйымдар бұл жұмысқа білек сыбанып кірісуі керек.
Экология мен табиғатты қорғау мәселесінде азаматтық белсенділікті дамыту қажет.
Адамдар саналы түрде экологиялық тепе-теңдікті сақтап, табиғаттың шынайы келбетін сақтау қажеттілігін сезінулері керек.
Сонымен қатар, колледж ұжымымен кездесуде Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сөз сөйледі.
Р.Жоламан экологиялық проблемалардың өзектілігі мен оларды дер кезінде шешудің маңыздылығына тоқталды.
«ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов экология мен биологиялық әртүрлілікті сақтау маңыздылығына назар аудартуды көздейді.
Сондай-ақ, ол экологиялық білімге де үлкен мән беріп отыр. Жалпы, білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар, тұрақты экологиялық - ағартушылық жұмыстар жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білім берудің маңызды қадамдары болып табылады.
“Біз жастайынан балаларымыздың санасына экология, қауіпсіз және экологиялық дұрыс өмір сүру туралы қарапайым ұғымдарды сіңіріп, табиғатты және қоршаған ортаны күтіп, қорғауға тәрбиелеуіміз керек”,- деді Р.Жоламан.
***
ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесті.
Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов жиын қатысушыларын экологиялық мәселелерді айқындап, шешуге негізделген өз сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарымен таныстырды.
«Алдымен, басты міндеттерімізді айқындап алайық. Экологиялық проблема – табиғаттың құрылымы мен қызметін бұзатын қоршаған ортадағы теріс құбылыстар. Бұл дегеніңіз, адамзат тұрмысынан туындаған антропогендік түрлену.
Экологиялық түйткілдер адамзаттың күрт өскен өнеркәсіптік әрекетінің айналаға әсерінен туындап отыр.
Қазірдің өзінде адамдар күн сайын еселеніп келетін экологиялық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Ол барша өркениеттің дағдарысына айналып барады», - деді ҚР Президенттігіне кандидат.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, экологиялық жүйе қызметі мен адам қоғамының табиғатпен қарым-қатынасы арасында тепе-теңдік жоқ.
Одан әрі кандидат жиналған жұртты адамзат қоғамы алдында тұрған маңызды жаһандық экологиялық проблемалармен таныстырды, атап айтқанда: қоршаған ортаның ластануы, парниктік газдардың зияны, ғаламшардың «озон қабатының» сөгілуі және т.б.
Адамның іс-әрекетінен қоршаған ортаның ластануы барлық жер қыртыстарын: атмосфера, гидросфера мен литосфераны қамтып, өткір мәселеге айналып барады.
Оның ішінде, бірінші әрі маңыздысы-жаһандық климаттың өзгеруі. Адамның өнеркәсіптік тұрмыс-тіршілігінен түзілген парниктік газдардан климат антропогендік өзгеріске ұшырады.
ХІХ ғасырда температура 0,1 градусқа өсті. ХХ ғасырда бұл өсім әр жыл сайын 0,3 градусқа жетті. Ал, ХХІ ғасырдың 15 жылында орташа жылдық температура 0,8 градусқа жылып отыр.
Ғаламшардың жаһандық жылынуы мұздықтарды ерітіп қоймай, топырақтың беткі қабатын қуратып отыр. Бұл үлкен қауіп төндіруде.
Климат өзгерісінің зардабын, ең алдымен, ауылшаруашылық жайылымдар тартып отыр, шаруашылық мақсаттағы жерлердің 63%-ы эрозияға ұшыраған. Жыл сайын шөл даланың жалпы аумағы 27 млн гектарға кеңіп келеді. Сондай-ақ, жаһандық жылынудан жаңа аурулар туып, қауіпті микроағзалар пайда болады.
Адам өз іс-әрекетінен туындаған экологиялық ауытқудың құрбанына айналып отыр: кейбір мәліметтерге сенсек, су ресурстарының, атмосфералық ауа мен жер қыртысының ластануынан туындаған аурулардан әлем бойынша адамдардың 40%-ы өмірден өтіп жатыр.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, фотохимиялық түтін, қышқыл жаңбыр, топырақтың құнарсыздануы, ормандардың құртылуы, құрғақшылық, ауадағы қауіпті қалдықтар, биосфера генофонының азаюы сынды қауіпті экологиялық құбылыстар, біздер, адамдар үшін, қалыпты жағдайға айналды.
“Осы орайда, қуат көзі мен табиғат ресурстарын үнемдеу мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек.
Біз – адамдар, жаңартылмайтын ресурстарды жойып, флора мен фаунаны талқандап, табиғат циклін бұздық – бір сөзбен айтқанда, бізді жаратқан табиғатқа өзіміз зиян келтіріп отырмыз”, - деді Құсайынов.
«Айналамыздың бәрі өзгеріске ұшырады – аңдар қырылып, сирек өсімдіктер жойылып кетті, аралдарды су басып, табиғи апаттар тұтас қалаларды қиратуда.
Соған қарамастан, адамдар техникалық баспалдақтағы серпілісін жалғастырып, ғаламшарға тұтынушылық қатынасын тоқтатар емес. Табиғаттың құнарын соңғы тамшысына дейін сорып алуға дайын.
Адамзат қоршаған ортаны құртып бара жатқан іс-әрекетін тоқтатпаса, жағдай қиындауы мүмкін.
Сол себепті, бүгінде экология ғылымына биологияның бір саласы деп қарамай, оған әлдеқайда тереңнен бойлау қажет», - деді кандидаттың Ақтөбе облысындағы сайлауалды штабының жетекшісі Игілік Сағиев.
“Экологиялық мәдениет қазіргі қоғамның маңызды бөлігіне айналуы керек.
Табиғатты қорғау, табиғат ресурстарын дұрыс пайдалану мәселелеріне қоғам назарын тарту жұмыстарын күшейту маңызды.
Кәсіпорын мен ұйымдардың жер қойнауын, су ресурстарын, орман, қазба байлықтары мен өзге де табиғат ресурстарын дұрыс пайдалануларына мемлекеттік бақылау енгізу қажет.
Топырақтың, жер беті және жер асты суларының ластануына жол бермеуге қоғам назарын күшейту керек.
Сулар және ормандарды қорғау, өсімдік және жануарлар әлемін қорғай отырып, сол арқылы атмосфераның ластануына тосқауыл қою маңызды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін енгізу қажет”, - деді Ә.Құсайынов.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы