Міндет орындалмаса, мүдде ұмытылады облыс әкімі К.Көкірекбаев ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келді
- Толығырақ
- Құрылды 13.07.2015 05:17
- Категория: Мақалалар
Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"
Талап етпей табыс жоқ
Ауданға арнайы ат басын тіреген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарын алдымен Бостандық ауылынан бастады. Екі жарым мыңға жуық тұрғыны бар ауыл бүгінде заманға сай қадам алып, кейіп өзгерткен. Жуырда ғана кәсіпкер Бекзада Ермағанбетованың бастамасымен 320 орындық тойхана пайдалануға берілсе, негізгі жұмыстары аяқталған наубайхана мен ауыл моншасының игілігін көретін күн де алыс емес. 50-ге тарта шаруа қожалықтары өнімдерін халыққа ұсынып, нәсібін жерден айырып отыр.
Бюджеттен 42 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өткен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 44 қызметкер, 281 бала бар. Олардың ішінде, аудан мен аймақ намысын қорғап жүрген талапты шәкірттер аз емес. Мұндағы мәдениет үйіне жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысымен (құны 9 млн. 353 мың теңге) танысқан облыс басшысы асығыс жасалған істі анықтауды, өзгертуді талап ететіндігін, сондықтан, жобаларды тиянақтауға кеткен уақытқа өкінбеу қажеттігін жеткізіп, жауапты азаматтарға жұмыс сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.
Алқабы құнарлы, жайылымы белеске созылып, көз мұнартқан мұндағы іргелес жатқан ауылдардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Асыл тұқымды мал басын көбейтіп, үлкен бастамаларды мұрат еткен. Жеке кәсіпкерлікті дамыту бүгінде ел Үкіметінің назарында. Өйткені, кәсіпкерлік барынша дамыған жағдайда жаңа жұмыс көздері ашылады. Бұл біріншіден, халықтың әлеуметтік жағдайын оңалтуға ықпал етсе, екіншіден, кәсіпкер салығы есебінен мемлекет бюджеті толығады. Бұл орайда, шаруа қожалықтары өз мүмкіндіктерін мейлінше пайдаланып отыр. «Ахай», «Төлебаев», «Шұғай», «Тәжібай-Алашбай», «Шалқар» шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде пікірлерімен бөліскен Кәрім Нәсбекұлы: -Мемлекет басшысы 2011 жылғы қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында: «Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға арналған теңдесіз жоба жасалды. Мемлекет бұл мақсатқа 130 млрд. теңге несие қаражатын бөледі»,-деген болатын. Осыған сәйкес 2011 жылы 29 маусымда Қазақстан Республикасы Үкіметімен «2011-2015 жылдар аралығында еліміздегі ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Міне, өз өнімдерімізді алыс-жақын елдерге шығару мерзімі де жақындады. Бірақ, көңіл толатын нәтиже көріп отырғаным жоқ. Елімізде жан басына шаққанда бір адамға жылына 48 кг. ет жұмсалады. Ет өнімін дамытпасақ, мынадай аяңмен облыс халқын да етпен қамтамасыз ете алмаймыз. Қолыңыздағы кепілге жарамды дүниеңізді қойыңыз, одан өкінбейсіз. Жылдан жылға еселеп қайтарып аласыз. Мәселен, 300 мың теңгеге субсидия алсаңыз, оның 156 мыңын үкімет қайтарады. Бұдан артық қандай жеңілдік қажет. Батыл қадам жасауға, тәуекел етуге үйрену керек. Мына созылып жатқан тәңірдің сыйы, дархан даламызды қажетімізге жарата білейік,- деді.
Ұқсата білген ұтады
С.Шәкіров ауылындағы Байтоқты баба мешітіне соғып, аудандағы дін ахуалы, тұрғындарды діни сауаттылыққа тарту бағытында атқарылып жатқан істермен танысқан облыс әкімі жұмыс сапарын Ойық, Ақкөл ауылдарында жалғастырды.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Ақкөл ормандары және жануарларды қорғау жөніндегі мекемесіне бас сұғып, қызметкерлер және арнайы техникалар құрамымен танысып, кейбір сын-ескертпелерді алға тартты. Ауыл тұрғындарының ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекеменің жұмысын да назардан тыс қалдырмады.
- Ауданда жалпы білім беретін мекемелер саны 36. Биылғы жылы орта мектепті 351 оқушы аяқтады. 100-125 балл алған оқушылар саны 44. Оның 12-сі «Алтын белгіге», 2-уі «Үздік аттестатқа» ілікті,- деген аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков Ақкөл орта мектебінің жаңа оқу жылына дайын екендігін жеткізді. Аталмыш мекеменің жылу қазандықтарындағы ұқыптылықты көрген облыс әкімі міндетіне адал мектеп басшыларының жұмыстарына ризашылығын білдірді.
Ауданға жасаған сапар барысында аймақ басшысы қала экономикасын ұзақ мерзімді әр тараптандыру үшін «зәкірлік» инвестициялық жобасы негізінде алдағы уақытта 491 тұрақты жұмыс орнын ұсынатын, жылына 15 мың тонна натрий цианидін шығаратын «Talas Investment Company» ЖШС-нің басшыларына жолығып, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ, «Игілік» ККМ- не көп кешіктірмей қала тұрғындарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан соң орталық аудандық аурухана, 250 ауысымдық емхана құрылысын, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралады.
Кемшілікке кеңшілік жоқ
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарын аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен актив жиналысында қорытындылады. Аудан әкімі орынбасарларының баяндамаларын тыңдаған аймақ басшысы: «Ең бастысы, ауданда кәсіпкерлікті жетілдіріп, ауыл шаруашылығын дамыту керек. Мен мұнда екінші деңгейлі банк қызметкерлерін шақыртып отырмын. Кеңес алып, бірге жұмыс жасаңыздар. Шаруа қожалығымен айналысатындарға тамшылатып суғарудың тиімділігін түсіндіріңіздер. Көп жұрт тәуекел етіп несие алмайды, шошып қалған. Жұмыс істеуге ықыласты адам, маманнан артық жасайды. Мынаны түсіну қажет: адамда өздік құлшыныс, табандылық болмаса табыс қашады.
Қаладағы көшелерді жөндеуге 1 млрд. теңге бөлінді. 110 млн. теңгесіне жұмысты бастап кеттіңіздер. Алдағы уақытта көшелер тегістелуі тиіс, тұрғындардың уәжі болмауы керек. Сіздерге тек жақсыны айтып, арқадан қағып кетсем өтірік болады. Сын болмай, мін түзелмейді. Жол бойындағы белгілердің түстері кете бастаған. Ондай жайттар алда-жалда орны толмас апаттарға соқтыруы мүмкін. Мұны ескеріңіздер. Қайталап айтамын, сонша қаржы неге бөлінді? Көп ұзартпай қаланы тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етіңіздер. Оны тікелей өзім бақылаймын. Ауылға газ келіп тұр. Бірақ, тұрғындар оны тұтына алмай отыр, ол қалай? Осы мәселені толық шешіңіздер. Сөз істің көлеңкесі. Тәжірибе жинау жеткіліксіз, одан мүмкіндігінше дәлелдер мен қорытындылар шығару үшін оны таразылап, талқылап және екшеп қарау керек. Нәтижеге жұмыс жасаңыздар. Сонда ғана жетістіктерге жетуге болады»,- деп бірқатар мекеме басшыларына міндеттемелер жүктеді.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы