Астықты алқап- "Аралтөбе"
- Толығырақ
- Құрылды 16.07.2015 06:02
- Категория: Мақалалар
Топырағы құнарлы, жері шұрайлы “Аралтөбе” бұрыннан астықты алқап саналған. Кезінде масақты дақылдардың өзі он мың гектарға дейін егілген бұл аймақ еңбек етіп, тер төге білсең, әлі де берерінмен жаңылмағанына көз жеткіздік.
Аудан әкімі Болат Рысмендиев барлық ауыл әкімдерінің, сала мамандарының басын қосып, егін орағы басталған “Аралтөбеге” арнайы келген еді. Ондағы мақсат-жиналғандардың ниет етсе, шаруаны шалқытуға болатынына көз жеткізу еді.
Осы сапар алдында біз аталмыш жотада 3368 гектар күздік бидай, 841 гектар жаздық арпа, 500 гектар мақсары және 830 гектар көп жылдық шөп егілгенін, олардың шығымы жақсы екенін аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдан сұрап білген едік.
Шын мәнінде егістік алқаптың шетіне іліге бере жолдың екі шетінде белуардан бітік өскен егін көзге қуаныш сыйлағандай. Қыс пен көктемде жауын-шашынның мол болуы да өз ықпалын тигізгені көрініп тұр.
1200 гектарға күздік бидай еккен “Есейхан” шаруа қожалығының егіні де бітік өскені байқалады.
- Өздеріңіз көріп отырғандай, егіннің шығымы жақсы. Әр гектардан 15-16 центнерден өнім аламыз деген үміттеміз,-дейді қожалық төрағасы Жарқынбек Тұрлықұлов.
Ал, Берікқара ауылдық округіне қарасты Айтбек Өмірәлиев жетекшілік ететін “Майтөбе” өндірістік кооперативі, Қалмахан Сатымбеков басшылық жасайтын “Аралтөбе” ауылдық тұтынушылар кооперативі және Сейсен Ізетбаев басқаратын “Майтөбе” шаруа қожалығына қарасты 1800 гектар күздік бидай, 270 гектар жаздық арпа және 500 гектар мақсары егілген екен.
- Қазір төрт комбайн астық орумен айналысып жатыр,-деді бізбен әңгімесінде Берікқара ауылдық округінің әкімі Сағынбек Талқанбаев,-түсімі жаман емес, орташа есеп бойынша 15 центнерден өнім алынуда.
Ал, дер кезінде тыңайтқыштар беріліп, агротехникалық шаралар талапқа сай жүзеге асқан жерлерде түсім көлемі 25 центнерге дейін жетіп жатқанын да көрдік.
Жалпы, дихандардың көңіл-күйі көтеріңкі. Болат Қанатбайұлы сапар соңында жиын өткізіп, талаптанса, егіннен мол өнім алуға болатынын, ол үшін тек еңбек ету қажеттігі туралы жиналғандармен әңгіме өткізді.
Әбдіманап КЕҢЕС,
Сүлейман Демирел атындағы университетінің білімгері.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы