Қаланың тыныс-тіршілігімен танысты
- Толығырақ
- Құрылды 14.09.2015 04:57
- Категория: Мақалалар
Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ержан Жұматұлы Жылқыбаев жұмыс сапарымен қаламызға келіп, бірқатар құрылыс орындары мен мекемелерде болды, жан-жақты аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Ол кісіні аудан әкімі Болат Рысмендиев пен облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев бастап жүрді.
Қаланың орталық қазандығына ат басын бұрған Е.Жылқыбаевты қазандық жұмысымен «Игілік» мекемесінің басшысы Рашид Сейдалиев таныстырды:
- Біз табиғи газды пайдаланамыз. Тәулігіне 70-90 мың текше газ жағылады. Екі қазандық қайта жөнделді. Бұл жағынан алаңдаушылық жоқ, -деген Рашид Мәдібекұлы: - жағармай қоры тапшы болып тұр. Сондықтан, бізге 1000 тонна мазут керек ,- деді.
- Қалаға ауыз судың берілуі қалай? – деген Ержан Жұматұлының сауалына Р.Сейдалиев:
- Тәулігіне 3 сағаттан 2 рет береміз,- деді.
- Газды қалай үнемдеп жатырсыздар? – деген сауалға:
- 2014 жылы 2 мың текше газ үнемделді. Жылу энергиясында шығын жоқ,-деді мекеме басшысы.
«Жамбыл Недр» ЖШС-де зауыттың бас директоры Асхат Іңкәрбеков қарсы алып, қонақтарды жылына 300 мың тонна М-400, М-500 маркалы цемент өндіретін зауыт құрылысымен таныстырды:
- Зауыт құрылысына 4,0 гектар жер бөлінген. Зауыт іске қосылған жағдайда 150-200 адам жұмыс істейтін болады. Қазіргі таңда құрылыс жұмысында 208 адам еңбек етуде, -деген бас директор шикізат ретінде «Ақтау-5» кенішінің әктасы мен топырағы көзделуде екенін, құрал-жабдықтар 540 миллион теңгеге Қытайдан әкелініп, 50 пайызы орнатылғанын баяндады.
Жұмысқа кедергі болар нәрсенің бар-жоғын сұраған Ержан Жұматұлына А.Іңкәрбеков кенішке баратын жол қиындық туғызып отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол осы жылдың желтоқсан айында зауыттың құрылыс жұмысы аяқталатынын да жеткізді.
Ат басын «Talas Investment Company» ЖШС-не бұрған қонақтар мұнда зауыттың бас инженері Владимир Анатольевич Гордеевпен кездесіп, жылына 15 мың тонна натрий цианидін шығаратын зауыт құрылысымен танысты.
В.А.Гордеев бұл Қазақстанның химия өнеркәсібіндегі натрий цианидін өндіретін тұңғыш химиялық зауыт екенін мәлімдеп, зауыт іске қосылуға дайын болғанын, жыл аяғына дейін 4 мың тонна натрий цианидін өндіріп, 2232 миллион теңгенің өнімін шығаратынын, мұнда тұрақты жұмысқа 480 адам қамтылғанын да жеткізді.
Одан кейін мемлекеттік инспектор «Жастар саябағы» мен Б.Момышұлы көшесіндегі қайта жөндеуден өткен №8 үйде болып, азық-түлік дүкендерін аралады.
Аудандық орталық ауруханаға келген топты аурухананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаев қарсы алып, өз жұмыстарымен, жаңадан соғылып жатқан 250 орындық аудандық орталық емхана жұмысының барысымен таныстырды. Жұмыс сапарының соңында Е.Ж.Жылқыбаев қайта жөндеуден өтіп жатқан орталық саябақты аралап көріп:
- Аудан орталығы үшін мына саябақ мақтауға тұрарлық. Мынадай саябақ кейбір қалаларға үлгі болуға да жарайды,-деп ризашылығын білдірді.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы