"Мырзашөл" қауынының ақкөлдік үлгісі "Бекен" шаруа қожалығында көрініс тапқан
- Толығырақ
- Құрылды 21.09.2015 04:09
- Категория: Мақалалар
Дүйсен Молдақұлов, "Талас тынысы"
Қаратау қаласындағы базарлардан көзге таныс «Мырзашөлдің» сарыала қауындарын алғаш көргенде шеттен келген қауындар ғой деп онша мән бермегеніммен оны саудалаушыдан: «Қай жердің қауыны?»,-деп сұрай салғанмын.
Оның өз кезегінде: «Ақкөлдің қауыны ғой», -деген жауабын естіп, кідіріп қалдым.
- Ақкөлде де осындай қауын өсетін болған ба, сонда кімдікі? -дедім таңданысымды жасыра алмай.
Көңілімде тауарын пұлдау үшін әдейі солай деп тұрған шығар деген күмәнді ой да жоқ емес еді.
- Нұржаппар Исахметовтың шаруа қожалығында өскен, -деді ол.
Дәмі тіл үйіретін қауынды көпшілік таласа тармаса сатып алып жатты.
«Бекен» шаруа қожалығының төрағасы Нұржаппар Исахметовтың Алматы қаласында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне 10 тонна қауын-қарбыз алып барып, оны талғамы жоғары алматылықтардың лезде сатып алып кеткендерін де естідік.
Кезінде қауын-қарбызы мен қауынқағы, қауынқұртымен аты шыққан Үшарал мен Түгіскен ауылдарының бүгінде бұрынғы даңқы жоқ. Үшаралдықтар біраз жылдан бері бұл кәсіптен мүлдем қол үзіп кетсе, түгіскендіктер де баяғыша үйме-үй бақша егуден қалған.
Біз Нұржаппар бауырымыздың шаруа қожалығына арнайы ат басын бұрдық. Көз жетер жердің бәріне бақша егіліпті. Пәлектердің арасынан теңкиген қараала қарбыздар мен сарыала қауындар мен мұндалап көзге түседі.
- Жылда Қызылорда мен Шардара жақтан әкелініп жатқан осындай қауын тұқымын көріп жүріп, осыны неге өзіміз қолға алмасқа, -деген ой келді дейді Нұржаппар,- сөйтіп биыл Ташкеннен «Мырзашөл» қауынның шопағын алдырып, 30 гектарға қауын, 10 гектарға қарбыз ектік. Әрине, оңай болмағаны да белгілі. Дегенмен, төккен тер зая кеткен жоқ, мол өнім алуға мүмкіндік болды, - дейді.
Сөйтіп, Нұржаппар өсірген Ақкөлдің қауыны арысы Алматы мен Астанаға, берісі Қаратау мен Таразда сатыла бастады. Шекара асып Ресейге де кетті.
15 гектарға егілген жүгеріден де мол өнім алуды межелеп отырған жағдайы бар. Бұл жерде бақшаның әр гектарына 5 мың, ал жүгерінің әр гектарына 15 мың теңге субсидия төленіп отырғанын да айта кеткен жөн.
Жалпы, бұл жерде Нұржаппардың әкесі, марқұм Орынбасар Исахметовтың ауданымызда алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығының жұмысын шыр айналдырған еңбекқорлығын жақсы білетінбіз. Ол кісі 1992 жылы балаларының атындағы екі шаруашылықты біріктіріп, «Бекен» шаруашылығын ашқан еді. Кәсіптің түр-түрін меңгерген Орынбасар ақсақалдың осындай жақсы қасиеттері Нұржаппар сынды баласына да жұғысты болғанын аңғардық.
- Шаруа қожалығымызда 4500 гектар жер бар, оның 270 гектары суармалы болса, 300 гектары шабындық,-дейді Нұржаппар тағы бір әңгімесінде,-бізде 1000-нан астам уақ мал, 50 бас жылқы және 40-тан астам мүйізді ірі қара бар. Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 6 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Олардың жалақысының 17500 теңгесін үкімет төлесе, қалған бөлігін өзіміз төлейміз. Қолда бар техникаларымызбен көрші шаруа қожалықтарына ақылы қызмет те көрсетеміз.
Шынын айтқанда, «Бекен» шаруа қожалығының тың бастамасы өзінің оң нәтижесін берген. Қауынның алды 1 метрге жуықтап, салмағы 27 келі тартқандары да бар.
Ия, бабын тапса Ақкөлдің жерінде де қауын-қарбыз өсіруге болатынына көз жеткіздік.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы