Ел сезімі ерекше көрінген форум
- Толығырақ
- Құрылды 15.10.2015 05:52
- Категория: Мақалалар
5 қазан күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ел» тақырыбында республикалық патриоттар форумы өтті. Оған мемлекетіміздің барлық өңірінен келген 2 мыңнан аса делегат қатысты.
Делегаттар құрамында қоғам қайраткерлері, депутаттар, дәрігерлер, мұғалімдер, өнеркәсіп жұмысшылары, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер, ғалымдар, жастар көшбасшылары, спортшылар, талантты әртістер, мәдениет қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен БАҚ өкілдері болды.
Төменде форумға қатысушылардың сөзін ықшамдап беріп отырмыз.
Қуаныш
Сұлтанов,
Мәжіліс депутаты:
-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең жоғарғы, ең мәртебелі төрі мен мінбері БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық сессиясында қазақ тілінде сөйлеген сөзімен ұлт абыройын асқақтатты. Қазақ тілі тұңғыш рет осындай дүниежүзілік дәрежеге көтерілді. Бұған барлық қазақстандықтар шын жүректерімен қуанды. Бұл мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жемісі – Елбасының жеңісі болды. Мыңжылдық тарихымызда біздің бабаларымыз талай қиындық көріп, жанкештілікпен тәуелсіздікті аңсады, күресті, соның жолында құрбан болды. Еркін ел болу бақытын, тәуелсіздікті, ұлттың, халықтың ынтымағын жасампаздық игілігіне жарату біздің бүгінгі патриоттық, отаншылдық борышымыз.
Тәуелсіз Қазақстан халқын бір мақсатқа жұмылдыратын жалпыұлттық идея, Ұлы Дала кеңістігіндегі «Мәңгілік Ел» стратегиясы – 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы – ұлтымыздың жарқын болашағының кепілі. Ассамблея атынан алдағы уақытта халыққа, ұрпаққа осыны мейлінше насихаттау, тек қана өзіміздің мемлекетке ғана емес, көрші елдерге, алыс мемлекеттерге жеткізу мақсатында арнайы «Мәңгілік Ел» бағдарламасын не болмаса «Мәңгілік Ел» телеарнасын құрып, жұмыс істетуді ұсынғым келеді.
Айдын Айымбетов, ғарышкер:
- Бiздiң жерiмiзден – Байқоңыр ғарыш айлағынан адам баласы ең алғаш ғарышқа ұшты. Қазақстанды бүгінде бүкiл әлем таниды. Бұл өз елiмiздi мақтан тұтудың тамаша үлгiсi. Бүгiнде Қазақстан көп табыстарға қол жеткiздi. Біз мемлекетімізді одан әрі дамыта беру үшін әрқайсымыз өз iсiмiздің үздiгі болуымыз керек. Мiне, осы – нағыз патриоттық iс. Мен жастарды елiмiздiң патриоты болуға, өзiнiң нақты iстерiмен Отанымыздың көркеюiне үлес қосуға шақырамын. Қазақстанның Байрағы ғарышқа әлi талай ұшатынына, жеңiстi сәттерде желбiрейтiнiне, бүкiл әлемге танымал боларына сенiмдiмiн. Қазақ елi мәңгiлiк жасасын.
Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты:
-Біз, Ауған соғысының ардагерлері, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастер тұтамыз. Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер – соғысты өз көзімен көргендер. Сондықтан, Қазақстанның ұлы жетістігі – ел бірлігін ерекше бағалайды. Біз Елбасына бейбіт өміріміз үшін, аяулы аналарымыз бен бал-бөбектеріміздің күміс күлкісі мен тыныш ұйқысы үшін шексіз ризамыз!
Бүгінде интернационалист жауынгерлер – батылдық пен ерліктің нышаны! Жастарды патриотизм рухында, жоғары адамгершілікке, Отанды қорғауға тәрбиелеу – біздің тікелей міндетіміз. Мен отандастарымды ортақ үйіміздегі бейбітшілікті сақтауға шақырамын! «Мәңгілік Ел» құндылықтарын жоғары рухани-адамгершілік бағдар ретінде ұстануға үндеймін. Біздің жетістіктеріміз бен жеңістеріміз әрқайсымыздың бар күш-жігерімізбен аянбай еңбек етуімізге байланысты.
Азамат Жұмаділов,
«Халық Қаһарманы»:
- Құрметті достар! Мен ешқашан батыр атануды ойлаған емеспін. Сол қатерлі түнде азаматтық міндетімді ғана атқардым! Менің орнымда кім болса да дәл солай істер еді. Жауапты сәтте қатерге ойланбай бас тігу – елім деген әрбір азаматтың борышы! Сол оқиғаны Елбасы теледидардан көріп, маған «Халық Қаһарманы» атағын берді. Осыдан түйгенім: Қазақстанда жасалған әрбір игі іс Елбасының назарында. Ұлым дейтін елі мен Елбасы барда, елім дейтін ұлдар бар. Патриотизм-ел үшін жасалған нақты істерден тұрады. Бұл – «Мәңгілік Елдің» басты сипаты! Мен еліміздің жастарына үндеу тастаймын! Қасиетті Отанымызды сүйіп, құрметтейік! Жақындарымызға көмектесейік! Лайым, жерімізден бейбітшілік пен келісім кетпесін.
Дария Қожамжарова,
Тараз мемлекеттік педагогика лық институтының ректоры:
- Елбасы «Мәңгілік Елдің ең басты сипаттарының бірі – ғылым мен білім» деген болатын. Елімізде 2 миллион 600 мың оқушы бар. Тек биылдың өзінде 340 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Бұл-Тәуелсіздік тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Біз кеше ғана ел болып «Ұстаздар күнін» атап өттік. Шәкіртіне білім нәрін себетін 340 мың қазақстандық ұстазды кәсіби мерекелерімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Білімді ұрпақ – Мәңгілік Елдің болашағы. Мәңгілік Ел болу дегеніміз-бәсекеге қабілетті, зияткер ұлт болу. Зиялы ұрпақ тәрбиелеу- менің, мен сияқты барша ұстаздардың борышы. Ал, жас ұрпақтың борышы-білімді азамат атанып, Ұлы Абай айтқандай, «Мәңгілік Елдің кірпіші болып қалану». Сол себепті, біздің жасампаз еңбегіміздің бәрі де «Мәңгілік Ел» үшін.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы