Өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды
- Толығырақ
- Құрылды 05.11.2015 03:54
- Категория: Мақалалар
“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, фракция жетекшісінің орынбасары Гүлсін Рахымжанқызы Орынбаева, “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы ұйымдастыру және бақылау жұмысы бөлімінің кеңесшісі Қырғызәлі Тілеуов, Сарысу ауданы әкімінің міндетін атқарушы Олжас Тұрғынұлы Көкей, Талас ауданы әкімінің орынбасары Серік Дадабаев, облыстық, Сарысу, Талас аудандық мәслихаттарының депутаттары мен бөлім, мекеме басшыларының қатысуымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның көшпелі отырысы өтті.
Онда Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Қаратау, Жаңатас қалаларында жүзеге асуы және шағын қалалардың экономикалық даму барысы жөнінде мәселелер төңірегінде сөз қозғалды.
Жиынды ашып берген Гүлсін Рахымжанқызы 2012 жылы 5 мамырда Қазақстан Республикасының Үкіметі “Моноқалаларды дамыту туралы” бағдарламаны бекітіп, ол ауқымды қарқын алғанын айта келіп:
- Сол бағдарлама бойынша тізімге облысымыздағы Қаратау, Жаңатас қалалары да кіріп, олардың инфрақұрылымын дамыту үшін қомақты қаржылар бөлінді. Моноқалаларды дамытудың әртүрлі тармағы бар, сол қалай жүзеге асуда,-деп алғашқы сөз кезегін О.Т.Көкейге берді. Ол бағдарлама бойынша Жаңатас қаласында атқарылып жатқан істерге кеңінен тоқталып, облыстық мәслихат депутаттары тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Келесі кезекте Қаратау қаласының әкімі Қойшыбай Орынбекұлы Махашев сөз сөйледі. Қала әкімі “Моноқалаларды дамыту” бағдарламасы негізінде Қаратау қаласында қыруар тірліктің атқарылып, жұмыссыздар санының азайғанын, өндіріс орындарының қайта ашылып жатқанын, ауыз су, кәріз жүйелері жүргізіліп, қаладағы облыстық мәслихат депутаттарынан осы жолдарды орта жөндеуге көмектесуге ықпал етулерін сұранды.
Ал, облыстық мәслихаттың депутаты, “TalasInvestment Company” ЖШС-ң бас директоры Бақтияр Алдашов зауыт 1 млрд. 200 миллион теңгені құрайтын жобаны іске асырғанын, бұл күнде зауытта 620 адам жұмыс істейтінін, т.б. мәселелерден мағлұмат беріп өтті.
Аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның мүшесі, Қаратау гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Докторбек Мәселбеков “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы бойынша мамандарды даярлау және қайта даярлау мәселесіне тоқталса, фракция мүшесі, аудандық “Талас тынысы” газетінің директор-бас редакторы Дүйсен Молдақұлов: -Өздеріңізге белгілі қаламызға ауыз су мен кәріз жүйелері қатар тартылып, соның нәтижесінде, қазылмаған көше, бүлінбеген асфальт қалмады. Қазір қаратаулықтар үшін шешімін күткен ең күрделі мәселе осы көшелердің жағдайы болып отыр,-дей келе, жазға қарай көшеден өткен автокөлік соңында қалың шаң қалатынын айтып, қала жұртшылығы далаға жуылған киімдерін жая алмай, аулада отырып ас іше алмай қалғандарын жеткізді. Сондықтан, осынау өзекті мәселеге қатысты көмек берулерін сұрады.
Гүлсін Рахымжанқызы өте актуальды мәселелердің көтеріліп отырғанын, бұл мәселелерді облыстық мәслихатта талдайтындарын айтып, жиынға қатысушыларға ризашылық білдірді.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы