Өнегелі өмір
- Толығырақ
- Құрылды 05.11.2015 04:01
- Категория: Мақалалар
Қарап отырсаңыз, бар өмірін, саналы ғұмырын үй ішімен бір салаға арнаған отбасылар болады. Олар тіптен, балаларын басқа мамандықта елестете алмайтындай...
Сондай бір отбасының берекесі, қазыналы қария, 16 жасынан, яғни тұрмыс құрғалы Талас ауданының «Жиембет» су торабында бар өмірін су шаруашылығына арнап, сонда әлі тұрып келе жатқан ардагер Маликеш апамыз.
Сексеннің сеңгіріне шыққан апамыз әлі тың, санасы ояу. «Шалым – Қожан марқұм осы Бостандық ауылының тумасы еді. 1942 жылы соғысқа алынып, соғыс біткен соң соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, 1950 жылы оралыпты елге. 1951 жылы үш айлық су бақылаушысы курсын оқып алған екен, 1958 - 1962 жылдары Қызылордадағы гидромелеративтік техникумды сырттай оқып бітіріп, гидротехник мамандығын алғаны тағы бар. Сонау 1951 жылы 21 маусымда үйленіп, елу екінші жылдың наурыз айында арбаға бір текемет, бір көрпе, мойын жастығымызды салып «Таласупрға» бөлек шығып көшіп бардық» - деп, күні кешегідей есіне алады. Бүгінгі «Жиембет» су торабын ол кезде «Таласупр» деп айтатын. Сол кезде «Таласупрда» екі үй қазақ (біреуі – Сүлеймен қарияның үйі), үш үй орыс отбасы бар еді. Барлығы сол суда істейтін. Бастықтарымыз орыс болған соң тәртіп қатал болатын. Шалым смен ауысқанда атына мініп, қолына мылтығын алып, су бақылауға кететін. Әлі есімде, жаңылмасам, бастығымыз Елистратов деген кісі еді. Бойы кішілеу, құныс болатын. Өте қатал және әділ еді. Кейіннен облыстық су шаруашылық конторына бастық болып кетті-ау деймін» - деп есіне алады.
Елу екінші жылдары біз жұмысқа жаңа келген соң осындағы жұмысшылар Жиембетті орман - тоғайға айналдырды. Жеміс ағаштарының неше түрі егіліп, жемісі аста – төк болып төгіліп жататын. “Қарағым, су-өмір” деп, халқымыз бекер айтпаған. “Сулы жер-нулы” деген халқымыз, су болса егін болады, егін болса қарын тояды деп өткен аталарымыз. Ашаршылық қиын заман тұсында бала болсақ та зардабын көп көрдік. Сол отызыншы жылдарда жалғыз сиырын сойып, елді ұйымдастырып, асарлатып канал қаздырған Барбол аталарың, су жеткізіп егін екпей, қарын тоймайтынын сол кезде-ақ болжаған ғой».
Апаның бар саналы ғұмырын осында өткізгендіктен, суға байланысты әңгімеге құлағын түріп отыратындығын аңғардық. «80 жылдары бастық болып келген Сұлтан Әмірбеков жас болса да өте талапшыл болды, нәтижелі жұмыстар атқарды. Кейінгі бір жылдары суға егелік болмай, балалар уақтылы айлық ала алмай, ауданда иелік жоқ кезін де көріп, ойпырмай, соғыстан кейінгі қиын кезде де бұлай иесіздік болмап еді» – деп кейіген уақытымыз болған.
Кейінгі жылдары облысқа суға дұрыс басшылар келіп, әйтеуір есін жия бастады ғой. Су нысандары жөнделіп, тазаланып, тал – дарақ егіліп, балалардың томпаңдап жүргенін көріп «Е, егелері табылған екен ғой» - деп үйде отырып қуанып отарамын... Кейбір ауылдастарым «ауылға келіп, елдің ортасында отырмайсыз ба» дейді, мен «16 жасымда келіншек болып түсіп, бар жастығым, қызығым өткен жерім ғой бұл – «Жиембетте» жеті балам өмірге келді. Есіктің алдына шықсам, шалымның күні кешегідей атынан түсіп, балпаң басып келе жатқаны елестейді» - дейді кейуана.
Ортаншы ұлы Бағдат осында техник болып қызмет істейді, яғни әке жолын жалғастырушы.
Жалғасбек ТАУКЕБАЕВ,
«Аққөл» өндірістік бөлімінің бастығы,
Талас ауданының Құрметті азаматы.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы