Ұлттық рухтың туындай еді
- Толығырақ
- Құрылды 10.11.2015 05:13
- Категория: Мақалалар
Ұлттық ерекшелік, ұлттық сана, ұлттық көркем бояу деген тіркесті алғаш рет жиырма бес жасар білімгер Әнуар Әлімжанов орыс тілінде айтқан екен. Бұл тақырып Олжас Сүлейменовтың «Арғымақтары» арқылы жандана түсті. Одан кейін қазақ тілді қаламгерлер қалам тарта алмады десе де болады.
Міне, сол кезде Ілияс Есенберлин «Алмас қылыш» болып, қазақ көркем ойының көгінде жарқ ете қалды. «Қатерлі өткелден» өтті, «Айқасты». «Қаһарын» төкті, «Жанталасты», «Майдандасты», «Мұхиттан өтті». «Көшпенділер» тұқымынан шыққан біртуар қаламгер осылай Алаштың «Аманатын» орындады. Халқын «Қөлеңкесімен қорғады», «Ғашықтардың», «Алтын құсын» қолына қондырып, «Махаббат мейрамын» өткізді. Ең соңында «Алтын Орданың» тоғыз құйрықты туын «Ақ ордаға» тігіп, «Қазақ хандығы – Алтын Орданың заңды мұрагері» дегізіп тынды.
Міне, ұйқыдағы қазақты қайталанбас шығармаларымен қайта оятқан ұлтжанды қаламгерді еске алу мақсатында С.Сейфуллин атындағы орта мектепте «Ұлт рухын оятқан қаламгер» атты оқырмандар конференциясы болып өтті.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған мектеп директоры Оразкүл Темешбай ұлтымыздың мақтанышы болған І.Есенберлинді елі сағынышпен еске алатынын, сондай-ақ алтын қолды қаламгердің туғанына 100 жыл толғанын баяндап, шығармаларына талдау жасады.
Конференция барысында осы жолдардың авторы жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлт мақтанышы» атты деректі фильм мен «Көшпенділер» романына түсіндірме ретінде бейнеролик көрсетіп, тыңдармандардың ой-пікірін білді.
Ал, 10-сынып оқушысы Сұлужан Құлмаханбет «І.Есенберлиннің ғұмырлық жолы» атты баяндамасында өз сөзін «Ілияс Есенберлин- қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқы тарихының төрінен орын алатын дара тұлға, - деп бастап, оның қазақ халқы тарихын келер ұрпаққа жеткізудегі рөлі орасан екенін айтып, қаламгердің қазақ өмірінің энциклопедиясы іспеттес екенін де жеткізді.
Биология пәнінің мұғалімі Д.Сүлейімбекова І.Есенберлин шығармалары туралы өз ойын білдірді.
Ұлт-азаттық аңсардың ұйытқысы болған Ілияс Есенберлиннің тұлғасы, тарихқа тұнған шығармалары жөнінде оқырмандар ой бөлісті. Сондай-ақ, осы іс-шараның өтуіне белсене атсалысқан оқырмандарға осы жолдардың авторы «Көшпенділер» фильмінің толық нұсқасын сыйға тартып, ризашылығын білдірді.
Жиын соңына қарай көпшілік І.Есенберлин кітаптары, ол туралы баспасөз бетіне жарияланған мақалалар қойылған көрмені тамашалады.
Айжан Қонысбекова,
С.Сейфуллин атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы