Шет елдерден келіп білім алуда
- Толығырақ
- Құрылды 23.11.2015 06:05
- Категория: Мақалалар
Сейсенбі күні қаламыздағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің А.Шейн атындағы дәріс залында шет мемлекеттен жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындыққа келген тыңдаушылармен кездесу өтті.
Кездесуге Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры – тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Абдуалы, аудан әкімі аппаратының басшысы Қ.Садубаев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Жақсылық, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Е.Рысқұлбеков, аудан әкімдігі білім бөлімінің сектор меңгерушісі М.Атен және «Талас жастар орталығы» КММ-сі директорының орынбасары Ғ.Тоқмырзаев қатысты. Кездесу шет мемлекеттен келген тыңдаушыларға мемлекеттік саясаттың негізгі құндылықтарын түсіндіру, шет мемлекеттегі қандас бауырлардың ұрпағының білімін жетілдіріп, олардың еліміздің жоғарғы оқу орындарына түсуіне ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды. Бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан ашылған жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындық бөліміне Өзбекстан Республикасынан 61, Түркменстан Республикасынан 17, Қытай Халықтық Республикасынан 3, Қырғызстан Республикасынан 1 тыңдаушы келіп білім алуда.
Кездесу барысында жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындық бөлімінің басшысы М.Таубаев тыңдаушыларға қонақтарды таныстырып, дайындық курсының негізгі бағыты жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар әрбір сала бойынша келген тыңдаушыларға өз тараптарынан берілетін көмектер жайлы әңгімеледі және ауданда өткізілетін мәдени көпшілік шараларға белсене араласуға шақырды.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы