Елбасы және Ассамблея
- Толығырақ
- Құрылды 30.11.2015 04:23
- Категория: Мақалалар
Қамысбай Сауқымов, "Талас тынысы"
Жас мемлекетіміздің қарыштап алға басуы үшін көпұлтты мемлекет болғандықтан басқа этнос өкілдерінің басын қосатын, ұйымшылдыққа ұйыстыратын, ымырасыз ынтымақтасатын ұйымның керектігін 1992 жылы Қазақстан халқының бірінші форумында сөз еткен Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
Міне, содан бері уақытты артқа тастап, 20 жыл өтті. Елбасы бастамасымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланып, барлық өңірде оның төл Туы көтеріліп, желбіреп тұрды.
Күні кеше қаламыздағы “Жеңіс” алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай “Үлкен ел-үлкен отбасы” атты кең көлемде форум өтті.
Жиылған көпшілік алдында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Серік Ералыұлы Дадабаев Ассамблеяның мәні мен мағынасына, мемлекет дамуындағы рөліне тоқтап, аудандағы этно-мәдени орталықтардың тыныс-тіршілігінен де мағлұмат беріп өтті.
Келесі кезекте сөз алған аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы Тынысбек Сейдуанов, славян, неміс этно-мәдени орталықтарының жетекшілері Светлана Стрижова мен Валерий Рихтер, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының жауапты қызметкері Ұлтуар Бабақұлова да осы тақырыпта кеңінен әңгімеледі.
Жиын соңына қарай алаңда желбіреп тұрған Қазақстан халқы Ассамблеясының Туы түсіріліп, оны Серік Ералыұлы аудандық мұражайға қою үшін салтанатты түрде осы мекеме директорының міндетін атқарушы Кәмшат Қарабаеваға тапсырды.
Сондай-ақ, жиында халықтар арасындағы достықты нығайтудағы белсенділігі үшін бірқатар азаматтар Алғыс хатпен марапатталса, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Көшпенбет Нұрбеков пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Жасөркен Жақсылыққа этносаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының естелік белгісі табыс етілді.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы