Ақпараттық пойыз қаламызға келді
- Толығырақ
- Құрылды 14.12.2015 04:18
- Категория: Мақалалар
Қамысбай Сауқымов, «Талас тынысы»
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттау мақсатында «Өсім. Реформалар. Даму» атты ақпараттық пойыз қаламызға келді.
Құрамында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, дәрігерлер, облыстық филармония әншілері, зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастар бар ақпараттық пойызды қала жұртшылығы зор ықыласпен қарсы алды.
Сондай-ақ, бұл пойызбен 300 тонна азық-түлік тиелген вагондар да Қаратау стансасына келіп тоқтады.
Қала стансасына жиналған көпшілік алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев Елбасының биылғы жаңа Жолдауының маңызына айрықша тоқталып, Президенттің экономикалық өсім туралы келелі ойы мен жастарды жұмысқа тарту, қаржылық секторды қайта реформалау жөніндегі тұжырымдарын айта келіп, ауданның тыныс-тіршілігіне де кеңінен тоқталды.
Ал, Е.Солтыбаев қазіргі ауа райының қытымырлығына қарамай, ақпараттық пойызды күтіп алған қаратаулықтарға ризашылығын білдіріп, Талас өңірі ұлттық құндылықтардың ұйысқан жері, таластықтар әрдайым бақытын берекеден тапқан жандар екенін ыстық ықыласпен айта отырып, Жолдау жолдарына тоқталды.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш.Тілеумұрат Жолдау бойынша партия алдында тұрған міндеттерді саралап, онда көрсетілген тапсырмаларды орындау-барша қазақстандықтардың міндеті екенін түсіндіріп, Жолдауды насихаттау әрбір көзіқарақты жанның парызы екенін де айтып өтті.
Бұл күні көптеген қаратаулықтар заманауи медициналық құралдармен жабдықталған вагондардағы дәрігерлердің қабылдауында болып, денсаулықтарын тексертті.
Сондай-ақ, олар арзандатылған бағамен азық-түліктер де алып, риза болып тарасты.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы