Сайлауалды штабтардың жұмысы

Электоральді үдеріс көрсеткендей, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында әрбір үміткердің нақты бағдарламасы мен жоспары бар. 26 наурызда сайлау компанияларының ең қызықты кезеңі – сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталды.


Толығырақ...
1

Өңірдегі өрелі істер

Өңірдегі өрелі істер


Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жыл­ғы 15 тамыздағы «Барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №615 Жарлығына сәйкес, ауыл әкімдері бұған дейін округке қарасты шағын елді мекендерде есеп беріп бітсе, ендігі жерде округ орталықтарында аудан әкімімен бірге тұрғындар алдында есеп берулерін бастады.
Осындай алғашқы есеп беру жиналысы Берікқара ауылдық округінің орталығы Майтөбе ауылындағы клуб үйінде болды.

 

Берікқара ауылдық округі

Бірінші болып сөз алған Берікқара ауылдық округінің әкімі Сағынбек Талқанбаев есепті мерзім ішінде округте атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқ­талды.
- Ауылымыз аудандағы тірек ауылдарының бірінен саналады,-деп бастады сө­зін округ әкімі,-жыл ішінде ауылымызда айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Мә­селен, «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасы бойын­ша 4 ауыл тұрғыны 8,5 миллион теңге, «Алтын асық» бағдарламасы бойын­ша «Бауыржан» шаруа қо­жалығы 7 миллион теңге, «Сако» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығын ке­ңейтуге 9 миллион тең­ге несиелер алып, өз игі­ліктеріне жұм­сауда.
Сонымен бірге, мүлік салығы 10,37 пайызға, жер салығы 102,0 пайызға орындалса, «Өңірлерді да­мыту» бағдарламасы бойын­ша 2145,4 мың теңгеге Майтөбе ауылындағы үш көше жарықтандырылып, «Жас­тар» саябағы абаттан­дырылды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысында қаза тап­қандарға арналған ес­керткішті жөндеу жұмыс­тарына 2459,0 мың теңге бөлініп, ол толықтай иге­рілді,-деген С.Талқанбаев осы округтен сайланған аудандық мәслихаттың де­путаттары Қ.Жолдасов пен Қ.Омаровқа тұрғындар аты­нан ризашылығын жеткізді. Олар ауыл өмірінен шет қал­ған емес.
Келесі кезекте аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев «2015 жыл­дың қаңтар - желтоқсан айла­рында­ғы әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуының қоры­тындылары және 2016 жы­лы алда тұрған міндеттер тура­лы» тұрғындар алдында есеп берді (есептің толық мәтіні «Талас тынысы» газе­тінің 22 қаңтар күн­гі №8-9 санындарындағы «Га­зет ішін­дегі кітапшада» жа­рияланған болатын).
Екі баяндамадан соң жарыссөз басталды.
- Баяндамаларда көптеген тірлік, атқарылған жұмыстар тілге тиек етілді,-деп баста­ды сөзін жарыссөзге бірінші болып шыққан ауылдың ардагерлер кеңесінің төраға­сы Қуандық Сатыбалдиев,-біздің ардагерлер кеңесінде 200 адам есепте тұрады. Бала тәрбиесі баршамызға ортақ екенін ұмытпағанымыз жөн. «Тәрбие-ата-анадан, оқу-бі­лім ұстаздан»,-деген ғой Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов, сондықтан, бала тәрбиесін қашанда назарда ұстағанымыз жөн. Сонымен бірге, ауылдағылардың егін егуге деген ниеті жоғары, соған байланысты жол ретке келтірілсе және ауылға таби­ғи газ кіргізу мәселесі ескеріл­се,-деген тілегін де жеткізді.
Қ.Қошмамбетов атындағы негізгі мектептің директоры Қалмұханбет Байболатов та бала тәрбиесіне қатысты жан-жақты ой толғай келе, үлкен жолдан Қожағаппар ауылына дейін­гі жол ретке келтірілсе, деген ұсынысын көлденен тартты.
Ал, жеке кәсіпкер Сейсен­бек Ізетбаев ауылдың тұрмыс-тіршілігіне қатысты кеңінен әңгімеледі.

Қаратау ауылдық округі

- Ауылдың округ тұр­ғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығы,-деп бас­тады есебін округ әкімі Байдүйсен Кенжеев,-орта есеппен әр отбасыға шаққанда 3 бас мүйізді ірі қарадан, 2 бас жылқыдан және 74 бас уақ малдан айналады.
Бұдан әрі ауыл әкімі егін шаруашылығы, кәсіпкерлік сала, салық түсімдері, «Өңір­лерді дамыту» бағдарламасы, көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық шаралары бойынша атқа­рылған жұмыстармен көпші­лікті хабардар еті.
- Қазір елімізде мал өсіре­мін, осы саланы дамытамын деген адамға барлық жағдай жасалуда,-деді аудан әкімі Болат Рысмендиев,-мәселен, «Ахай» шаруа қожалығы 47515 мың теңге 295 бас тана, 14 бас бұқа сатып алды. Енді, осы қазақтың ақбас сиырын асылдандыру және селекциялық жұмыстарына орай, олардың әрқайсысына Үкімет 20000 мың теңгеден қосымша төлем жүргізіп отыр. Бұл 5900 мың теңгені құрады. Асыл тұқымды қой­ларға қатысты осындай жұ­мыстар үшін де қосымша қаржы бөлу қарастырылған. Сондықтан, осындай мүм­кін­дікті пайда­лан­ғанымыз жөн,-деді.
Түзелбек Рахышұлы- ауылдың ардагерлер кеңе­сінің төрағасы:
- Жыл өткен сайын жағ­дайымыз жақсарып ке­ле­ді. Малымыз бар, егі­ні­міз бар. Ауылдағы әуіті­­­міз бен жолымыз жөн­делсе деген тілегім де бар,-десе, Қарой ауылының тұр­ғы­ны, зейнеткер Қуат Жол­мұхамедұлы:
- Қарой ауылындағы мек­теп құрылысын биылғы жылы 100 миллион теңгенің бөлінгенін естіп қуанып отырмыз. Бұл ауылға деген қамқорлықтың белгісі. Ауыл болған соң, оның мұқтажы да болады. Бізге ұялы бай­ланыс қызметі қойылса де­ген көпшіліктің сұраны­сы бар. Ауылымыздың басы мен аяғына дейін ұзындығы 4 шақырымды құрайды. Сол аралықтағы жаяу жүргін­ші көпірлері жөнделсе және ауылға дейінгі 8 шақырым­дық жол коммуналдық мен­шікке алынса деген ұсыны­сымыз бар,-деді.

Қасқабұлақ ауылдық округі

- Біріккен Ұлттар Ұйы­мының биік мінберінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев қазақ тілінде сөйлеп, бәріміздің мәртебемізді көтерді,-деп сөзін қазақша бастаған Қасқабұлақ ауылдық ок­ругінің әкімі Сулхадин Мұстафаев тұрғындар ал­дындағы есебін бастан-аяқ қазақша берді.
Ауылдың округ бойынша салықтың барлық түрлері толығымен орындалған. «Өңірлерді дамыту» бағ­дарламасы бойынша бөлін­ген 1116,3 мың теңгеге «Жас­тар» саябағында абаттанды­ру жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге, ауылдың клубын жөндеуге бөлінген 11120 мың теңге қаражат толығымен игерілген.
- Ауылда көптеген шаруа­лардың шешімін тапқанын ауыл әкімінің есебінен көз жеткіздік. Жалпы, сіздердің ауылдарыңыздың күнделікті тыныс-тіршілігі менің тұрақ­ты назарымды,-деген Болат Қанатбайұлы биылғы жылы аудан көлемінде атқарылуға тиіс жұмыстарға да кеңінен тоқталды.
Жарыссөзге бірінші болып шыққан ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Исмайл Усейнов:
- Өткен жылы аудан әкімі клубымызды жөндеп, дәрігерлік пунктке жаңа «жедел жәрдем» автокөлігін алып беруге уәде еткен еді, сол уәделерін толық орын­дады. Ауыл тұрғындары аты­нан Болат Қанатбайұлына алғысымызды білдіреміз. Ендігі жерде, ауыл тазалығы мен сырттан келген малға ветеринариялық шара жүргі­зу, клубқа музыкалық аспап алып беру және жол жөн­деу секілді шаралар қолға алынса,-деді.
Сонымен бірге, ауыл тұрғындары Исмайл Алда­бергенов, Фарзандар Алиев ауылдың ауызбірлігі, ын­ты­мағы турасында әңгіме өрбітті.
Бұл жерде, Есейхан және Қасқабұлақ ауылдың округ тұрғындары өз депутатта­ры Құдиярбек Омаровқа деген ризашылықтарын да жеткізуді ұмытпады.
- Біз қазір қандай ауа райы болса да қорықпаймыз, өйткені, бізге қашанда кө­мек беруге даяр Құдияр­бек бауырымыз бар,-дейді Фарзандар ақсақал.
Үш ауыл бойынша да тұрғындар аудан әкімі мен ауыл әкімдерінің жұ­мыстарына «қанағат­танар­лық» деп баға берді.

Қызыләуіт ауылдық округі

Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі Бажан Бекетаев 2015 жылдың қорытындысы бойынша Қызыләуіт ауылы мен Ақтөбе елді мекені тұрғындары алдында өз есебін берді.
- “Сыбаға” бағдарла­масы бойынша ірі қара мал алған “Найзақызыл” шаруа қожалығы 2013 жылы 13 бас төл, 2014 жылы 21 бас төл, ал, 2015 жылы 25 бас асыл тұқымды төл алып, оларды өсіруде.
“Еламан” шаруа қожалығы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 2 бас бұқа алып, мүйізді ірі қараны асылдандыруды көздеп отыр. Сондай-ақ олар лизингке 2 трактор тіркемелерімен алды,-деген ауыл әкімі “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы бойынша кәсіпкер Гүлмира Байкенжеева 1,7 миллион теңгеге наубайхана ашып, ауылды нанмен қамтамасыз етіп отырғанын да жеткізді.
Аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев өткен жылдың еліміз үшін мерекелі де берекелі жыл болғанын, айтулы даталар мемлекеттік деңгейде атап өтіліп, оған аудан жұртшылығы да айтарлықтай үлес қосқанын, Елбасы ұсынған мемлекеттік бағдарламалар мен саяси-экономикалық мәні зор еңбектерінде көрсетілген міндеттер мен тапсырмаларды орындау жолында бел шеше еңбек етіп жатқанын айтып, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды саралады.
Жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Сағымбек Ахметов ауылға жақын арада табиғи газ жүргізу мәселесін көтерсе, ауыл ақсақалы Әріпхан Жаңабаев су тапшылығына тоқталып, “Маятас” әуітіне көңіл бөлуді ұсынды. Ал, ауыл тұрғыны Ұзақбай Рыскелдиев мал ұрлығы тоқтамай тұрғанын айтып, учаскелік полицияға көпшіліктің көмегі керектігін жеткізді.
Жиынға қатысушылар аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің есептеріне оң баға берді.

Үшарал ауылдық округі

Алғашқы сөз кезегін алған ауыл округі әкімінің міндетін атқарушы Жексенбай Шөмішбай 2015 жылы атқарылған жұмыстарды саралай келіп:
- Өткен жылы “Бәйімбет баба” шаруа қожалығы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 46,850 мың теңгеге мүйізді ірі қара, “Құлан” бағдарламасы бойынша 12,150 мың теңгеге жылқы алып, өсіруде. Ал “Сыпабек” шаруа қожалығы “Құлан” бағдарламасы бойынша 14 миллион теңгеге жылқы алды. “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы бойынша “Әбдінұр” шаруа қожалығы 2,600 мың теңгеге мал алса, жұмыссыз жүрген Омар Жетенов деген азамат аталмыш бағдарлама бойынша 1,0 миллион теңгеге 6 сиыр алды,-деген ауыл басшысы жұмыссыз жүрген 27 азаматтың 21-і жұмыспен қамтылғанын да баяндап өтті.
Келесі кезекте сөз сөйлеген аудан әкімі Б.Қ.Рысмендиев көпшілік алдында өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, алда тұрған ауқымды істерді де атап өтті. Сондай-ақ, аудан басшысы ауыл жұртын түсіністікпен бірлесе отырып жұмыс істеуге шақырды.
Жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны Дүйсен Қауынбаев ауылда мал ұрлығы өршіп тұрғанын, ұрлықтың ашылмай отырғанын баяндаса, ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Жүсіп жерлестерін бірлікке шақырды. Ал, зейнеткер Сәрсенбек Қабылбеков тәртіп, адами көзқарас, бір-біріне деген сенім туралы әңгімелесе, зейнеткер Асанхан Мотаев жайылымдарға су жіберіп, қысқы шөпті қамдау керектігін баса айтты. Қайыр елді мекенінің тұрғыны Жайлау Тұрмаханбетов Талас өзені суының пайдасын көре алмай отырғандарын қынжыла жеткізді.
Жиынға қатысушылар аудан әкімі Б.Рысмендиев пен ауыл әкімінің мінде­тін атқарушы Ж.Шөмішбайдың есеп­терін қанағатта­нарлық деп тапты.

“Талас тынысы” газетінің тілшілер қосыны.

Талас тынысы

  • Astana
FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер