Сайлауалды штабтардың жұмысы

Электоральді үдеріс көрсеткендей, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында әрбір үміткердің нақты бағдарламасы мен жоспары бар. 26 наурызда сайлау компанияларының ең қызықты кезеңі – сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталды.


Толығырақ...
1

Ынтымағы жарасқан елдің ырысы мол

Қамысбай Сауқымов, "Талас тынысы"

Аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев аудан жұртшылығы алдында өзінің 2015 жылы атқа­рылған жұмыстар жөніндегі қо­рытынды есебін берді. Жиынға об­лыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Серікбекұлы Орынбеков қатысып отырды.


Аудан басшысы өткен жыл еліміз үшін берекелі де мерекелі жыл бол­ғанын, халықтың Елбасына деген сенімі ынтымақ пен бірліктің болат­тай беріктігін, кемел келешекке деген көзқарастың тұрақты еке­нін дәлел­деп, «Мәңгілік Ел» идеясы­ның қазақстандықтар тарапынан бір ауыздан қолдау тапқанын көрсетіп отырғанын баяндады.
Сондай-ақ, Болат Қанатбайұлы біздің ауданымызда да мемлекет басшысының жүктеген міндеттерін жүзеге асыру 2016 жылдың алғашқы күндернен-ақ күнделікті жұмыстың бағыт-бағдарына айналып отырға­нын мәлімдеп, аудан экономикасының барлық саласы бойынша өткен жылы ілгерілеушілік болғанын жеткізді:
- Өнеркәсіп және ауыл шаруа­шылығы өнімдері 16 миллиард 215 миллион теңгеге өндіріліп, 106,1 пайызға немесе 934,0 миллион теңгеге артты.
Осы аралықта негізгі капиталға салынған инвестициялардың жал­пы көлемі 8 миллиард 952 миллион теңгені құрады,-деген аудан әкімі одан ары:
- Алдағы уақытта 34,2 миллиард теңгені құрайтын «ST Power» ЖШС-і қуаты 50 МВт күн электр станциясының құрылысын жүргізу, «Sapsan Commerce» ЖШС-і жа­ңартылған энергия көз­дері саласында және «TCK Construction Eneruge» ЖШС-і күн жарық станциялары жобаларын жоспарлауда,-деп, «Talas Investment Company» ЖШС-ң зәкірлік ин­вестициялық жобасы іске асырылғаны, жылына 300 мың тонна М-400, М-500 маркалы цемент өндіретін «Жамбыл-Недр» ЖШС-ң жұмыс туралы да ақпар беріп өтті.
Болат Қанатбайұлы 2016 жылдың ІІ жартыжыл­дығына өңірлік индустрия­ландыру картасына енгізу үшін жалпы құны 1143,7 миллион теңгені құрайтын, жылына 200,0 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаратын «Қара­тау ПРО» ЖШС-і зауыты­ның жобасы дайында­лып, зауыт іске қосылған жағдайда 200 жұмыс орны ашылатынын мәлімдеп, 2018 жылы «Еурохим-Тыңайтқыш» ЖШС «Ми­нералды тыңайтқыш­тар­­ды өндіру химиялық зауытының құрылысы жүргізілетінін, ол жы­лына 1400 мың тонна минералды тыңайтқыштар өндіретінін жеткізіп, ол іске қосылғанда 400 жаңа жұмыс орны ашылатынынан мағлұмат берді.
Аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласына кеңінен тоқталды:
- Есепті мерзімде 9 миллиард 132 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, 104,6 пайызға орындалды.
Мал шаруашылығында ет 11599,8 тоннаны, сүт 7402,8 тоннаны, жұмыртқа 5006,0 мың дананы, жүн 432,5 тоннаны құрап, артығымен орындалды.
Мал басы да тұрақты өсуде. МІҚ 19371 басқа, қой-ешкі 304594 басқа, жылқы 7646 басқа, түйе 1761 басқа жетіп отыр.
- Ауданымыз негізінен, мал шаруашылығымен айналысатындықтан, осы салаға барынша ден қойып отырмыз.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 16 шаруа қожалығының 19 жобасы мақұлданып, 255,55 мил­лион теңге несие алды. Сондай-ақ, «Әулие Ата» несие серіктестігінен 4 шаруа қожалық 40,0 мил­лион теңге несие алып, 148 бас МІҚ, 44 бас қой, 23 бас жыл­қы сатып алды,-деген Б.Рысмендиев 2015 жы­лы шаруа қожалық­тарды ірілендіру барысында айтар­лықтай жұмыстар жүргізілгенін, жаңа техникаларға қол жеткізілгенін тілге тиек етіп:
- Өткен жылы 127 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 170,5 миллион субсидия берілді. Сондай-ақ, 44 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ауыл шаруашылығының дақылдары егісі үшін 12,6 миллион теңге субсидия бөлінді,-деп, «Шабақты» әуіті, «Қарашат», «Жартас» су қоймалары жөнделіп, «Маятас» су қоймасын жөндеу жұмыстары биыл іске асатынын мәлімдеді.
Кәсіпкерлік, құрылыс салалары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы­ғына және елді мекендерді газдандыру жұмысына, автомобиль жолдарын жөндеу мәселесіне де жан-жақты талдау жасады.
Жарыссөзге шыққан Кеңес ауылдық округінің әкімі Болатжан Дуанбеков аудан әкімінің басшылығымен атқарылып жатқан қыруар істерді атап өтіп, өткен жылы Бөлтірік шешен мен Көшек батыр ауылы арасын жалғайтын 23 шақырым жолдың жөнделуіне ықпал еткені үшін Болат Қанатбайұлына ризашылығын білдірсе, ауданның Құрметті азаматы, Құрметті құрылысшы Сламбек Тілегени де аудан басшысының атқарып жатқан істері мақтауға тұрарлық екенін, өңір тұрғындарының ауызбірлігін сақтай отырып, аудан экономикасын көтеруде айтулы істердің ұйытқысы болып отырғанын жеткізді.
Жиында қорытынды сөзді сөйлеген Бекболат Орынбеков көпшіліктің назарын біраз мәселелерге аударды.
- Ауданға бөлініп отыр­ған қаржы да, оның игерілуі де көңілден шығады,-деп бастады өз сөзін Бекболат Серікбекұлы,-аудандық емхана құрылысын аяқтауға 408,0 миллион теңге бөлінді. Биыл С.Шәкіров ауылына медпункт тұрғызу үшін 63,2 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Ал, Есейхан ауылындағы жаңа мектепке 312,4 миллион, Қараой ауылындағы мектеп құрылысына 100,0 миллион теңге қаржы бөлінді,-деген облыс әкімінің орынбасары:
- Үйлерді жаңғырту жұмыстарын қолға алу керек. Кейбір мектептердегі қазандықтарды сыртқа шығару жұмыстары 2016-2018 жылдары аяқталуы тиіс.
Коммуналдық төлем­дердің уақтылы төленуі қадағаланып, қаланың жылуы қолға алынсын. Инвестиция тарту ауданда әлі де баяу жүргізілуде. Осы жағына көңіл бөлген дұрыс. Ал, көшелерді жөндеу кезең-кезеңімен қолға алынады,-деді.
Сондай-ақ, Б.Орынбеков автокөлік жолдарын жергілікті полиция қатаң бақылауға алуы керектігін тапсырып, егін сапалы тұқыммен қамтамассыз етіліп, егіс көлемі ұлғайтылуы керектігін де алдағы міндет етіп қойды.
Сонымен бірге, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, көп қабатты үйлер алдына бейнебақылау орнату, дін мәселесін қол­ға алу, жастарды жұмыс­қа тарту да заман талабы екенін айтып, Бекболат Серікбекұлы әр іске түсіністікпен қарап, ұйымшылдықпен еңбек етуге шақырды.
Жиынға қатысушы­лар аудан әкімі Б.Қ.Рысмендиев­тің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

Талас тынысы

  • Astana
FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер