Алғыс арқалағанның арқасы тозбайды
- Толығырақ
- Құрылды 01.03.2016 05:58
- Категория: Мақалалар
1 Наурыз-Алғыс айту күні болып белгіленді. Өте орынды. Бұл күн-тағдырдың талайымен тарихи Отанынан Қазақстанға жер ауып келген өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ризашылығы.
Дәл осы күні тек солар ғана бізге алғыс айтады деген ұғым тумауы керек. Ұлтқа бөлмей, бір-бірімізге күнде алғыс айтып жүрсек, несі айып?
Мына қым-қуат заманда аласапыранға араласып кеткен жұртымыздың кейбір бойдағы ұлттық құндылығымызды, адами қасиет негіздерін ұмытып кетіп жатады. Біреудің біреуге деген ризашылығы алғыс түрінде көрінеді. Ал, алғыс мейірімді жүректің төрінен шығады. Мейірім жан сарайы мөлдір, көңілі дархан, ізгі жанды адамдарға тән қасиет.
Алғыс айту-Жаратқанның жалға берген нәрсесі емес. Ол-саналы ойдан туатын адами қасиет. Біз біреуге алғыс айтып, оны қуантқанымыз үшін, оның мерейін көтергеніміз үшін қуануымыз керек.
Алғыстың өзі сыйластықтан туады. Сыйластық кеткен жерден береке-бірлік кетеді. Ондай кезде алғысты алыстан іздеуге тура келеді. Дана Төле би бабамыз: «Адамның басшысы-ақыл, шолушысы-ой, жетекшісі-талап, қорғаушысы-сабыр, сынаушысы-халық, таусылмайтыны-арман, ең қымбаттысы-ар сақтау, бәрінен де ардақтысы-өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі-сыйластық»,-деген екен. Тұтастай ғибрат әлемі. Бабамыздың осы сөзін саралап көр де, керегіңді ала бер.
Ұрпағымызды алғыс айтуға баули отырып, өзіміз де алғыс айтудан жалықпайық.
Айгүл Иманбаева,
№3 қарттар мен мүгедектер интернат үйі директорының орынбасары.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы