"Нұр Отанның" жеңісі-елдің жеңісі
- Толығырақ
- Құрылды 25.03.2016 05:03
- Категория: Мақалалар
Мадина Жарас, "Талас тынысы"
Халқымыздың әлем елдері алдындағы абыройын тағы бір асқақтатқан сайлау науқаны өз мәресіне жетті. Бірлік, тұрақтылық, жасампаздықты ту еткен «Нұр Отан» партиясы халықтың қолдауына ие болып, көпшілік дауыспен жеңіске жетті.
Осыған орай, Ұлыстың ұлы күні –Наурыз мерекесінде орталық «Жеңіс» алаңында «Біз жеңдік» атты жеңімпаздар форумы өтті. «Нұр Отан» партиясының жеңісіне арналған форумның салтанатты ашылуында алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Болат Рысмендиев аудан жұртшылығын құттықтады.
- Сіздердің барлығыңызға, барлық аудандық штабтың мүшелеріне, осы сайлауға қатысқан баршаңызға алғысымды айтамын. Бұл тек «Нұр Отан» партиясының ғана емес, бұл тұтастай қазақ халқының жеңісі. Халық өз таңдауын жасады. Сайлаушылардың басым бөлігі Ұлт көшбасшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрағалық ететін, бүкіл игі істердің ұйытқысы болған «Нұр Отан» партиясына дауыс берді. Осы тарихи маңызы бар оқиға Наурыз мерекесімен қатар келіп отыр. Сіздерді Ұлыстың ұлы күнімен және барша қазақстандықтарға ортақ бүгінгі тарихи жеңісімізбен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекетіміз мәңгі, еңселі еліміздің келешегі жарқын болсын!
Мұнан соң Қазақстандай үлкен шаңыраққа бір-бір уық болып қадалған, бүгінде ұрпақ өсіріп, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері де Елбасының дара саясатымен қол жеткізген ел жетістігіне жүрекжарды лебіздерін білдірді. Аудандағы неміс этно-мәдени орталығының жетекшісі Валерий Рихтер мен славян этно-мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары Надежда Некрасова өз кезегінде «Біз бақытты елде өмір сүріп жатырмыз. Бірлігі жарасқан Отанымыздың әр күні тарихи табыстармен аталып өтуде. Бізде бір Отан бар, бір ел бар. Тағдырымыз бір, Көшбасшымыз дара!» екендігін жеткізді.
Күні кеше үлкен саяси өрлеу үстінде өтіп, халықтың бірлігі мен ұйымшылдығын танытқан науқанның елдегі бас партияның жеңісімен аяқталуына орай ұйымдастырылған форумда аудандық «Жастар ресурстық орталығының» психологы Нұрсұлтан Манатбек аудан жұртшылығын жастар атынан құттықтады. Ол өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының жеңісі халықтың Елбасына артқан сенімі мен осынау еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы,бүгінгі алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар жастарға жүктелген міндет екендігін жеткізді.
Форум соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы