Мақсат нақтыланып, міндеттер айқындалды
- Толығырақ
- Құрылды 15.04.2016 08:03
- Категория: Мақалалар
Набол Қашаған, "Талас тынысы"
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында Талас аудандық мәслихатындағы депутаттық фракция мүшелерінің қатысуымен семинар-кеңес отырысы өтті.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Қартабаевтың төрағалығымен өткен басқосуда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының заңгері Шора Кенжебаев: - Бүгінгі біздің жиналуымыз оқып-үйрену семинары. Мұнда туындаған сұрақтарға жауап беріп, пікірлерімізді ортаға саламыз. Бұл атқарар үлкен міндеттер алдындағы семинарымыз. Сондықтан, мақсатымызды айқындап алайық,-деді.
Сондай-ақ, жиын барысында сөз алған аудандық мәслихат аппараты құқықтық ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айдос Әуезбеков «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңында көрсетілген мәслихат депутаттарының өз өкілдіктерін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі және депутаттық сауалдар жайында баяндап берсе, «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бірлестігінің аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі Қайрат Серимов «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бірлестігінің аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы; фракцияның негізгі функциялары мен құзіреті, оның қызметін ұйымдастыру және құрылымдарымен өзара іс-қимыл тәртібі, ынтымақты дауыс беруі туралы әңгімеледі.
“Азаматтардың өтінішін қарау туралы” Қазақстан Республикасының Заңы, қоғамдық қабылдау бөлмелері қызметінің стандарттары туралы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты Әйгерім Мырзаева: - Халықпен өзара іс-қимыл тиімділігін жақсарту, түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ, азаматтардың проблемаларын шешу сапасы мен нәтижелігін арттыру мақсатында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қабылдауларды, оның ішінде, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракциясының құрамындағы партия мүшелері - күнтізбелік жыл ішінде кемінде 4 жеке және өздерінің сайланған округтерінде кемінде 2 көшпелі қабылдау өткізеді,-десе, аудандық мәслихаттың депутаты Докторбек Мәселбеков: - Партияның ішкі тәртібін қадағалауымыз керек. Барлығы осыдан басталады. Тек жүктелген міндетімізді атқарып ғана қоймай, партияның беделін өсіру, көтеру жолында еңбек етуіміз қажет. Жергілікті атқарушы билікпен біріге отырып, сайлаушылармен жиірек кездесу жасауымыз тиіс. Сол арқылы біз талап-тілек, арыз-шағымдарға жауап береміз, - деді.
Ал, өз кезегінде баяндамашы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты Бекзат Әсембеков аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелерінің 2016 жылға арналған жұмыс жоспары және фракциясының медиа-жоспары жайын сөз етті.
Семинар - кеңесті қорытындылаған Ғалым Тамабекұлы: - мәслихат депутаттарының халықпен атқарған жұмыстарын сайттарға шығаруымыз керек. Олардың істерін насихаттау арқылы біз партияның да беделін көтереміз. Алдағы 5 жыл ішінде жүктелген міндеттерді атқара отырып, бағдарламаларға ықпал жасаймыз,- деп жиылғандарды ынтымақпен тірлік жасауға шақырды.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы