Табыстың көзі-табандылық пен түсіністікте
- Толығырақ
- Құрылды 21.04.2016 11:06
- Категория: Мақалалар
Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"
Балалар өнер мектебінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс ХVII конференциясы өтті.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болат Рысмендиевтің төрағалығымен өткен жиында алғашқы болып сөз алған Қаратау қаласының әкімі Қойшыбай Махашев «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында “Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” бойынша атқарылған жұмыстар жайында баяндады.
-Қаланы орта және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатында, «Қаратау қаласын 2013-2015 жылдары дамытудың кешенді жоспары» жасалып, аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілді. Бағдарлама аясында 2013-2015 жылдарға республикалық бюджеттен - 1,9 млрд. теңге және жергілікті бюджет есебінен - 76,8 млн. теңге бөлінді. Бұл бағдарлама қаламыздың дамуына ерекше серпін беріп, оның гүлденуіне, сәулеттік жағынан көркейіп, абаттандырылуына барынша ықпал етуде,-деді. Сондай-ақ, Қойшыбай Орынбекұлы моноқалаларда тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорындардың өндірістік сыйымдылығына байланысты оңтайландыру, экономикалық әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, моноқалалардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту аясында алға қойған міндеттер мен жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды.
Мұнан соң баяндаманы талқылауға шыққан «Шолақтау» ТКӨК-нің басшысы Құдиярбек Омаров тұрғындардың талап-тілектеріне орай «Стройтельный», «Флора» саябағында электр желісі мен газ құбырын тарту мәселесі нақты шешімін тапса деген пікірін алға тартса, Қаратау технология, білім және бизнес колледжінің директоры Ерлан Әнетбаев білім мекемелеріндегі партия мүшелерінің қаланы көркейту ісіндегі белсенділіктері туралы әңгімеледі.
Өз кезегінде жарыссөзге шыққан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұрсұлтан Манатбеков аудан жастарының ұйымдасуымен іске асқан жұмыстармен қатар, мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қолдаулар жөнінде ой бөлісті.
Ал, жиында «Қазақтан темір жолы» АҚ-ы Жамбыл жол бөлімшесі филиалының директоры, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Дәулетбай Есімбеков:- Елбасы транспорттық-логистикалық қызмет жөнінен әлемде 500 топтың құрамына кіру жөнінде алға міндет қойды. Жамбыл темір жол бөлімшесінің географиялық жағдайы қолайлы. Бүгінде әлемді шарпыған дағдарыс жағдайына қарамастан бұл салада қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, шетелге жіберетін тасымал 25 пайызға төмендегенімен, жүкті тиеу жұмысы өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға өсті. Жамбыл темір жол бөлімшесі бойынша 8 құқық бұзушылық орын алып, оның 3-уі адам өліміне әкеліп соқты,- деген мекеме басшысы көпшілікті темір жол бойындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
Конференция соңында аудандық мәслихат аппаратының жетекшісі Сабырғали Рысбаев «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Саяси кеңесі Бюросының жаңа құрамымен таныстырды.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы