Жердің де киесі мен иесі бар
- Толығырақ
- Құрылды 31.05.2016 09:31
- Категория: Мақалалар
Қамысбай Сауқымов,
“Талас тынысы”.
Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы, Қоғамдық кеңестің бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Сағынхан Әмреқұлов, кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық салаларды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Әбдірахым Едігеев және мәдени-әлеуметтік салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Гүлсін Орынбаева мен аудан әкімі Болат Рысмендиев аудан жұртшылығы алдында жер, медициналық сақтандыру және мектеп реформасына қатысты мәселелер бойынша ауқымды түсінік жұмыстарын жүргізіп, көпшіліктің де пікіріне құлақ салды.
Алғашқы сөз кезегін алған Ж.Кәрібайұлы таластықтармен кездесіп отырғандарына ризашылығын білдіріп, өз тобының мақсаты: жер, медициналық сақтандыру және мектеп реформасындағы өзекті жаңалықтармен таныстырып, жергілікті халықтың пікірлерін де білу екендігін баяндап, жер мәселесіне тоқталды:
- 2015 жылдың 2 қарашасында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Жер кодексіне өзгертулер енгізді. Бірақ, олар осы өзгертулер барысында халық пікірін тыңдауы керек еді. Ол болмады. Міне, енді соның салдарынан қоғамда кереғар пікірлер орын алуда, - деп, бұл мәселені жан-жақты түсіндіру үшін сөзді облыстық жерді бақылау және пайдалану басқармасының басшысы Серікбай Тапеевке берді:
- Иә, қоғамда қайшы пікірлер болды. Жер кодексіндегі бірқатар нормаларға мораторий жарияланды.
2003 жылы шілдеде Жер кодексі қабылданды. Ел ішінде бұл құжат кеңінен талқыланды.
Биылға дейін 13 жылда кодекске 70-ке жуық өзгертулер енгізілді, - деген Серікбай Мырзалыұлы, - онда 2 құқық көрсетілді: жалға алу, жеке меншікке алу. Осыған орай еліміздегі 108 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерінің 1,3 пайызы жекешеленді.
Шетелдіктерге бұрын 10 жылға берілетін болса, ол соңғы өзгертулерде 25 жылға ұзартылды, - деді.
Одан әрі С.Тапеев жалға алынған жердің кадастрлық бағасының 50 пайызын 10 жылға бөліп сатып алуға болатынын, жалға алған жерді басқа біреуге жалға беруге болмайтынын, жердің кадастрлық бағасы жердің құнары мен тиімділігіне қарай белгіленетінін түсіндіріп, жер тек қазақстандықтарға ғана сатылатынын, қазақстандық азаматтардан шетелдіктер жер сатып ала алмайтынын да жеткізді.
Жер мәселесіне орай залдағы көпшіліктен көп сұрақтар мен пікірлер түсті. “Егістік жер сатылғанымен, жайылым жерлер сатылмасын. Мал, тұяғы жеткен жерге дейін еркін жайылсын” деген ұсыныс көпшіліктің көңілінен шықты. “Жер сатуда жер көлеміне шектеу болса дұрыс болар еді. Алам деушілерге бірдей көлемде жер сатылсын”, “Жерді алғаш 1 жылға жалға беріп, сол жерге деген еңбек барысын қадағалау керек. Егер жерге деген көзқарасы ойдағыдай болып, көңілден шығып жатса, 2-ші жылға жалға берсін” деген ұсыныстар да облыстық Қоғамдық кеңес тарапынан жоғарыға жеткізілетін болды.
Бұдан кейін аудан әкімі Б.Қ.Рысмендиев пен Ж.Кәрібайұлы елдің көңіліндегі түйткіл мәселелер туралы ой тарқатып, С.Әмреқұлов, және Г.Орынбаева өздеріне тиесілі салалар бойынша әңгіме өрбітті.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы