Ұлыстың ұлы құндылығы
- Толығырақ
- Құрылды 31.05.2016 09:35
- Категория: Мақалалар
Мадина Жарас, "Талас тынысы"
Биыл елімізде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» ұранымен мерекеленетін болады. Мерейлі жылдағы іс-шаралардың басты мақсаты – барша Қазақстан халқын Мәңгілік ел құндылықтары айналасында топтастыру болмақ.
Осы мақсатта Талас ауданының жергілікті жерлерінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған түрлі деңгейдегі шаралар жоспарланып, өткізілуде. Аудан көлеміндегі мұндай іс-шаралардан өзге ұлт өкілдерінен құралған этно-мәдени орталықтар да шет қалмай, ауызбіршілікпен атсалысуда. А.С.Пушкин атындағы орта мектепте «Тәуелсіздік тұтқасы- бізге аманат» атты мерекелік шара болып өтті. Қаламыздағы славян және кәріс ұлтының этно-мәдени орталықтары мен мектеп әкімшілігі бірлесіп өткізген шара мерекелік концертке ұласты.
Кештің ашылу салтанатында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Маратқызы бірлік, татулық, тұрақтылық тұрғысында орыс тілінде баяндама жасады. Ол өз сөзінде А.С. Пушкин атындағы білім ошағында тоғыз түрлі ұлт өкілдерінің балалары қазақ және орыс тілдерінде білім алып жатқандығын жеткізді. Бірлік пен татулық үстемдік құрған бұл мектепте оқушылар бір үйдің, тіпті бір атаның балаларындай тату-тәтті болса, ұстаздар қауымы да бірлігі жарасқан ұжымда еңбек етіп жатқандықтарын да Гүлнәр Маратқызы өз баяндамасында айтып өтті.
Мұнан соң сөз алған славян этно-мәдени орталығының жетекшісі, ардагер ұстаз Галина Шуваева өз кезегінде барша қазақстандықтарды славян ұлтының атынан осынау айтулы мерекемен құттықтады.
Шара барысында мектеп оқушылары патриоттық тақырыптағы әндерді шырқаса, славян этно-мәдени орталығына қарасты «Поколение» ансамблі концерттік бағдарламасын ұсынды. Айта кету керек, «Поколение» әжелер ансамблінің құрылғанына 20 жыл астам уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде хор мүшелері ұлттық нақыштағы әндерді орындап, өнер көрсетіп келеді. Кәріс этно-мәдени орталығының мүшелері де өнерлерін ортаға салды.
Мерекелік шара соңында мектеп ұстаздары қазақы дәстүрмен дастархан жайып, жиналған жұртшылыққа қонақ асын берді.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы