Сынақтың сын сағаты
- Толығырақ
- Құрылды 10.06.2016 04:39
- Категория: Мақалалар
Өмір түрлі сынақтар мен биік белестерден тұратыны баршаға белгілі. Алғашқы сынақтың бірі үлкен өмірге жол бастайтын білімді азамат болып қалыптасуға жол ашатын білім сынағы.
Биыл, яғни 2015-2016 оқу жылында аудандық білім бөліміне қарасты 27 орта мектептің 24-нен 333 оқушы мектеп бітіріп, оның ішінде 287 оқушы немесе 86,1% мектеп бітіруші Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш берді. Ал, К.Маркс атындағы орта мектептің оқушысы Елжан Қолан Ө.Жолдасбеков атындағы математикадан және механикадан зерттеу жұмыстары бойынша өткен халықаралық конкурсының ІІ дәрежелі диплом иегері атанып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің 25.05.2016 жылғы №335 бұйрығы негізінде ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылуына байланысты ҰБТ-ға нақты 286 оқушы қатысты. Оның 269-ы қазақ тілінде, 16-сы орыс тілінде сынақ тапсырды. Қаламыздағы С.Сейфуллин, М.Әуезов және Көктал ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектептерінде бітіруші сыныптар болған жоқ.
Сонымен, тестілеу нәтижесі бойынша орташа 77 балды құрады. «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер 16 оқушының 10-ны өз білімдерін дәлелдеп үмітті ақтады. Атап айтар болсақ, олар: А.Байтұрсынұлы атындағы гимназиядан аудан бойынша ең жоғары 120 балл жинаған Қуаныш Лес пен Әділет Далбай болса, лицейден Мухти Абдиназаров, Інжу Аршынбек, Бауыржан Шынарбек, Ш.Смаханұлы атындағы мектептен Аружан Жолдан мен Ұлдан Сейтқадыр, Ойық ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектебінен Айдана Жамбыл, Әсел Тасболат, Аяулым Тасболатова сынды оқушылар «Алтын белгі» төсбелгі иегері атанса, Үздік аттестатқа Ш.Смаханұлы атындағы орта мектептің оқушысы Самал Сергей ие болды.
Сондай-ақ, биылғы жылы ең жоғарғы білім нәтижесін көрсеткен Аққұм ауылындағы Б.Тоқтықожаұлы атындағы мектеп оқушылары. Олардың көрсеткіші орташа 98 балл болды.
Ерлан Рахымберді,
аудандық ҰБТ өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның хатшысы.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы