Аралтөбе, Марынсаз
- Толығырақ
- Құрылды 19.07.2016 04:38
- Категория: Мақалалар
Дүйсен Молдақұлов, "Талас тынысы"
Диханшылықты кәсіп еткен таластықтар негізінен Аралтөбе мен Марынсаз атырабында ежелден егіншілікпен айналысып келеді.
Өткен жылы осы алқапты орналасқан егістіктің әр гектарынан орташа есептен 15 центнерден өнім алған дихандардың биылғы межесі де жоғары. Мұнда қазір Берікқара, Қаратау және Қасқабұлақ ауылдық округінің дихандары дәнді дақылдармен бірге мақсары өсіруді де қолға ала бастаған.
Егінжай алқабындағы жұмыстармен танысу мақсатында аудан әкімі Болат Рысмендиев, орынбасары Қайрат Рахымжанов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай, жоғарыдағы ауылдық округ әкімдері және шаруа қожалықтарының төрағаларымен бірге аралады.
- Жалпы мұнда 3145 гектар күздік бидай, 800 гектар жаздық арпа және 975 гектар мақсары егілген, - деді Ауданбек Ерубай, - қазіргі таңда дақылдардың шығымы жақсы.
Аудан басшысы алғаш «Қасқабұлақ» шаруа қожалығының (төрағасы Абдалы Асанов) иелігіндегі алқаптарды аралаудан бастап, одан кейін «Есейхан» (төрағасы Жарқынбек Тұрлықұлов), «Майтөбе» (төрағасы Сейсен Ізетбаев) және «Берікқара» (төрағасы Айтбек Қуатбеков) шаруа қожалықтарға тиесілі егін жайдағы егіннің шығымымен танысты.
Белуардан келетін егіннің дәнге толы масағы желмен баяу ырғалып көңілге қуаныш ұялатады.
- Егіннің шығымы жақсы, төккен теріміз зая кетпес деп ойлаймыз, - деді Сейсен ағамыз Ізетбаев.
- Шынында да, өткен жылмен салыстырып қарағанда биылғы егіннің шығымы жоғары көрінеді,-деген Болат Қанатбайұлы келесі кезекте егістік алқаптарында өртке қарсы белдеулердің жыртылмағанын қатаң ескертіп, сын тезіне алды, - бұл қауіпсіздік шарасы тектен текке міндеттеліп отырған жоқ. Күні ертең өткен еңбегіміздің зая кетпеуін ойлауымыз керек,-деген аудан басшысы қысқа мерзімде осынау олқылықтың орнын толтыруды тапсырды.
Енді санаулы күндерден соң аса жауапты науқан жиын-терім басталады. Сол науқанда дихандарымыздың қырманы қызыл дәнге толсын деп тілейік.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы