"Бастау", "Ностальгия" және квас шығару қолға алынуда
- Толығырақ
- Құрылды 26.07.2016 05:54
- Категория: Мақалалар
Индира Еркінқызы, "Талас тынысы"
Жалпы өркениетті елдердің қай – қайсысын алсақ та өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіпкерлікке арқа сүйейді. Себебі, кәсіпкерлік халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар қосымша жұмыс орындарының ашылуына да септігін тигізеді.
Осы бір ойды ерте түсініп, мемлекеттің көмегінсіз кәсіпкерлікпен ертерек айналысып, халықты жұмыспен қамтып, бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отырған еңбек ардагері, кәсіпкер Семізбаев Мұрат атамыздың еңбегі көпке үлгі.
Мұрат Пазылұлы еңбек жолын қарапайым құрылысшы болып бастап, әртүрлі салада абыройлы еңбек атқарған. Ал, кәсіпкерлікке сонау 1995 жылдан ден қойып айналыса бастайды. Содан бергі жиырма жылдан аса уақытта кәсібінің тынысын кеңейтіп, бар тәжірибесін ұрпағына үйретіп, еңбектенгеннің еңсесі биік екенін дәлелдеп келеді.
Мұрат ата жетпіс жасқа толса да жұмыстан қол үзбей, кәсіпкерлігінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жақында ғана қаламыздағы базар ішіндегі цехтан «Бастау» атты газдалған және газдалмаған сусын мен балалардың сүйіп ішетін «Настольгия» лимонады мен шөлді басатын «квас» пен осы сусындарды құятын 0,5-5 литрге дейінгі пласмасса құты (баклашка) шығаруды бастап кетті.
Кәсіпкер мемлекеттің салалық бағдарламаларының бірі “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасының орындалуына да көңіл бөлуде. Мұнда 8 адам жұмыспен қамтылған, 3-уі осында станоктарды басқаратын арнайы мамандар болса, 5-уі көше бойында салқын сусын саудалайтын мектеп жасындағы оқушылар. Бұлардың барлығы да ата-анасына көмектесіп, жазғы демалысын тиімді пайдаланып, күнделікті 1000-1500 теңгеден ақша тауып, еңбектенуде,- деген Мұрат ата, -станоктар Қытайдан әкелінген, оның тұрақты жұмыс істеуіне цех бастығы Ғалымжан Әбдуәлиев пен Оралбай Тоқтамұратовтың еңбектері,- деді.
Станоктардың жұмысына тоқталған Ғалымжан Әбдуәлиев құтыларға құйылатын су таудан тасмалданатынын, ол арнайы сүзгіден өтетіндігі мен құтылардың жуылатындығын, кварцтан, ультрафиолеттен өтіп, тазартылып құйылатындығымен таныстырды.
Ал, Оралбай Тоқтамұратов күнделікті 1000-1500 литр су, 200-300 шөлмек лимонад, әрқайсысы 15 литрден 6 бөшке квас шығаратындарын жеткізді.
Мектеп оқушысы Нұржас Шәйділданы сөзге тартқанымызда:
-Жұмысым өзіме ұнайды, ата-анамның рұқсатымен осында жұмыс істеп жүрмін және еңбегімнің ақысын күнделікті алып тұрамын, ол ақшаға мектепке қажетті заттарымды аламын,- деген Нұржас келесі жылы да осында жұмыс істегісі келетіндігін қуана айтты.
Кәсіпкер Мұрат Семізбаевтың бұл бір ғана жұмысының саласы, мұнан бөлек атамыз «Мектепке жол» акциясына тұрақты көмек қолын созып, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауды үрдіске айналдырған.
Бүгінде экономикасы нарықтық бағытқа бет алған Қазақстан үшін кәсіпкерлікті дамыту мәселесі - өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Мұрат Пазылұлы сынды кәсіпкерлер өз қалтасының қамын ғана емес, экономикамыздың дамуына, жұмыссыздықтың жойылуына теңізге құйған тамшыдай болса да үлес қосып келеді. Бұл еңбектері еліміздің ертеңі жастарға үлгі, үлкендерге қуаныш.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы