Кәсіпкерлікті дамыту үшін қолдау қажет
- Толығырақ
- Құрылды 20.09.2016 05:41
- Категория: Мақалалар
Мадина Жарас, "Талас тынысы"
Отандық тауар өндірушілер мен жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсету мемлекеттің басым бағыттарының бірі.
Түрлі бағыттағы шаруаларын дөңгелетіп жүрген әрбір іскер азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың тарапынан туындаған кейбір мәселелердің шешілуіне ықпал жасау қазіргі таңда елімізде жолға қойылған. Міне, осы мақсатта арнайы құрылған облыстық мобильдік топ апта ішінде ауданға келіп, кәсіпкерлермен кездесті. Облыс прокурорының аға көмекшісі Абай Алтаев бастаған топтың құрамында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Дархан Назарбеков, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Сыдықовпен қатар, облыстық салық комитетінің, жер комитетінің қызметкерлері мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі келіп, жиын өткізді. Басқосуды аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров ашып, жүргізіп отырды.
Жиын барысында жеке ісін бастағалы бірнеше жылдың көлемі болған, бүгінде наубайхана ашып, қаладағы бірқатар дүкендерді нанмен қамтамасыз етіп отырған жеке кәсіпкер Клара Каюпова қиындық туғызып отырған бірқатар мәселелерді алға тартты.
Кәсіпкердің айтуы бойынша бүгінгі таңда банктерден несие алу қиынға соғуда, құжаттарды рәсімдеу барысында кедергілер көп кездеседі, бұған қоса, ұн бағасы күн санап көтерілуде. Мұның сыртында салық төлеуде түсінбеушілік туғызып отырған кейбір жайттар өз ісін жандандырғысы келгендерге кедергі болуда. Кәсіпкердің мәселесіне толық қаныққан облыс прокурорының аға көмекшісі Абай Алтаев осы бағыттағы бірқатар мәселелерге өз тарапынан түсінік беріп, облыстық салық комитетінің қызметкеріне мән-жайды анықтауды тапсырды.
Басқосуда сонымен қатар, бос жатқан жайылымдық жерлерді жалға алу, мақсатты пайдалану үшін белгілі бір нысандарды жалға алу, құжаттарды рәсімдеу жүйесі мен құқық қорғау органдарының тарапынан жүргізілетін тексерістің реттілігі турасында мәселелер қозғалып, оларға тиісінше түсінік берілді. Айтылған барлық ұсыныстар назарға алынды.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы