Ұлттық құндылығымыз ұлықталды
- Толығырақ
- Құрылды 30.09.2016 09:32
- Категория: Мақалалар
Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-қадамында
Сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту қажеттігін оған ауылдық жерлердегі кооперативтік өндірісті дамыту арқылы жетуге болатындығын алға тартқан еді.
Бұл бағытта кәсіпкерлер арасында түсіндіру мен жүктелген міндеттерді жүзеге асыру жұмыстары басталып та кетті.
Қымыз-қазақтың сарқылмас қазынасы, сатылмас құндылығы. Бабадан балаға берілген ұлттық белгіміз. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, Кәсіпкерлер палатасының Талас аудандық филиалы және «Талас аудандық бизнес-инкубаторы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Бекболат» шаруа қожалығында (төрағасы Серікбай Бапахов) «Қымыз өндірісі технологиясы. Қазақы жылқының сүтті түрі» атты тақырыпта семинар өткізілді. Аталған шараға ауыл-аймақтардан 20-дан астам қымыз өндіруші кәсіпкер қатысты. Көкейдегі пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді.
Жиында алғашқы болып сөз алған Кәсіпкерлер палатасы Талас аудандық филиалының басшысы Ұлан Жолдықұлұлы басқосудың мақсатымен таныстырса, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі Руслан Рақымбаев: -Қолға алынып отырған бұл семинар пилоттық жоба болып саналады. Бұл екі бағыт, яғни, егін және мал шаруашылығы бойынша өткізіледі. Биылға алты жүздің үстінде іс-шараны атқару жоспарда бар. Сондай-ақ, аталған жұмыс үш жыл мерзімге бекітілген. Көпшіліктің ұсыныс-сауалдарына қатысты портал құрылған. Онда 60-тан астам эксперт жұмыс жасайды. Ата-бабамыздан қалған құндылығымыз қымызды ұлттық бренд етіп қалыптастыруымыз керек. Қазан айында облыста қымыз өндірушілердің басын қосып, қымыз- мұрындық береміз,-деп жиылғандарды алда өтетін шараға қатысуға шақырды.
Өз кезегінде қымыз өндіру технологиясы жайында тәжірибесімен бөліскен «Заң» ЖШС-нің директоры Дүйсенбек Идиналиев: -Жылқы малын асырауды 2000 жылдан қолға алдым. Ал, қымыз өндіруді 2004 жылы бастадым. Бұл жолда талай кедергілер кездесті. Қажыр мен жігердің арқасында жеңе білдім. Тынымсыз ізденісім жеміссіз емес. Бұл саладағы жаңалықтарым да бар. Негізі қымызды сақтау мерзімі 72 сағат. Ал, мен 3 айға дейін сақтауға болатындығын дәлелдедім.
Қымыздың сапасы пісуге байланысты. Мендегі күбілер 60 литрден. Қазақтың бұл сусынын 5-7 сағат піседі. Алайда, уақыт ұтудың тиімді тәсілін іздедім. Нәтижесінде, аппарат ойлап таптым. Ол 1 минутта 75 рет ұрады. Қымызды сақтаудың да өз әдістері бар. Қалыпты +4 градус температурада да сақтау қажет. Қазір жал-жая және қазыны сақтау технологиясы бойынша жұмыстар жасау үстіндеміз,-деді.
Сондай-ақ, кәсіпкер ұлттық бренд қалыптастырып, қымыз өндірісін арттыру үшін ұжымдасқан түрде әрекет жасау керектігін және өз тарапынан ықпал тигізетіндігін жеткізді.
Басқосу барысында балалар өнер мектебінің ұстазы Сырғабек Айтбайдың нақышына келтіріп, әуелеткен дәстүрлі әндерге тыңдармандар өз қошеметтерін аямады.
Шара соңында «Бекболат» шаруа қожалығының төрағасы Серікбай Бапахов:-Ата-бабамыздың қымыз жасау дәстүрін жастарға үйретсек, жолымыздың жалғасқаны емес пе? Бие сауатын аппарат алып едім, тиімділігін көріп отырмын. Санитарлық тұрғыда таза әрі қауіпсіз,-деп семинарға қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Мұнан соң қымыз өндірумен айналысатын шаруа қожалық иелеріне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан арнайы сертификаттар тапсырылды.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы