Игілікті істер - ілгерілеу ұйтқысы
- Толығырақ
- Құрылды 14.10.2016 09:32
- Категория: Мақалалар
Мен, 1991 жылы мектеп директорының оқу - тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары едім. Желтоқсан айында ұлы өзгерістер жөнінде алыпқашпа әңгімелер, енді не болады деген сұрақтар желдей ескен еді. Біз мұғалімдер мүмкіндігінше түсінік беріп, оқығанымызды, естігенімізді, тапсырмаларды халыққа жеткізіп, белсенді үгіт- насихат жүргіздік.
1995 жылы қыркүйек айынан бастап мектеп директоры болдым. Ең қиын кезең еді. Мұғалімдерге айлық-жалақы тауып берудің өзі қиындады. Совхоздың бюджетке қарызы есебінен мұғалімдерге, зейнеткерлерге мал беріп, есеп айырысқан кез болды. Электр жарығы өшіп қалады. Мектептің жылу жүйесі істен шықты. Көмір тапшы, жетіспейді. Жеке оқу бөлмелеріне темір пеш орнатып, оқуды тоқтатпай күні-түні жұмыс істеуге тура келді.
1997 жылы аудан орталығы Қаратау қаласына ауысты. Жаппай жекешелендіру жүзеге асып жатты. Оң өзгерістер қалыптаса бастады. Ертеңгі күнге сеніммен қарайтын болдық. Халыққа мәдениет үйі, балабақша қажет екен. Ауылдағы клуб үйі жекешеге өтіп кеткен. Мұғалімдер, ауыл ақсақалдары клуб үйін қайтарып алуға күш салдық. Жөндеу жұмыстарын мұғалімдер, техникалық қызметкерлер бірігіп бітіріп, пайдалануға бердік. Қазір күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігін көріп отыр. Сол сияқты совхоздың әкімшілік үйін балабақшаға беріп, күрделі жөндеуден өткізілді. балалардың қуанышында шек болған жоқ.
Ауылдар арасындағы жолдар тозып, жарамсыз болып қалған кездер болды. Ауыл ақсақалдары, тұрғындары, ер-азаматтар болып, өз күштерімен жөндеуден өткізіп тұрдық. Қазір ауыл аймақтар арасындағы жол, орталық көше күрделі жөндеуден өтіп, қалыпқа келді. Орталық екі көше жарықтанды.
Аққұм ауылында алғашқы “Тұңғатар” мешіті ашылды. Белгілі кәсіпкер Арқабек Төлебаев өз күшімен халық игілігіне ұсынды. Бүгінде мектеп үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жылу жүйесі іске қосылып, балалардың алаңсыз оқуына толық мүмкіншілік жасалған. Ауылдағы спорт алаңдары жастардың сүйікті мекені десек болады. Спорт мектебінің бөлімшесі жұмыс істейді. Олардың жетістіктері баршылық. Спорт мектебі ауылда үлкен стадион жасап, пайдалануға бермекші. «Жастар саябағы» ашылды. Дәрігерлік бөлімше күрделі жөндеуден өткізіліп, тиімді жұмыс істеуде.
Халықтың әл-ауқаты жылма-жыл артып келеді. Мал басы өсе түсті. Үй сайын автокөлік десем, артық айтқандық емес. Екі қабатты тұрғын үйлер салына бастады. Көше бойы қоршаулар ауыстырылып, тал-дарақтар егіліп, сәні кіре бастады. Көгілдір отынды пайдаланғанымызға биыл үшінші жыл. Әрбір үйге газ құбырлары тартылды.
Ауыз су әрбір аулаға, әрбір үйге жеткізіліп, таза сумен қамтамасыз етілді. Қазір шағын Аққұм ауылына халық тұрақтанды. Тәуелсіздік жемісін көріп, теңестік. тәуелсіздік пен еркіндіктің арқасында атқарылған игі істерді тізе берсек аз емес. Елін, жерін сүйген елбасы Н.Ә.Назарбаев нұсқаған бағдарламалар әлі де халықты биіктерге жетелей түсетініне сенімдіміз.
Жүнісбек Оспанбеков,
Аққұм ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы