Ауыл ажары ашылып келеді
- Толығырақ
- Құрылды 14.10.2016 09:38
- Категория: Мақалалар
Қазір, міне, еліміздің Тәуелсіз, азат ел болғанына жиырма бес жыл толып отыр. Бұл үлкен қуаныш. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз тұрақты түрде жылдан-жылға өркендеуде.
Еліміздің басқа елді-мекендері сияқты жиырма бес жыл ішінде біздің ауылда да көптеген оңды өзгерістер болды. Біріншісі, ауылымыз Тәуелсіздік алғанға дейін А.Жданов есімімен аталып келген еді. Ол кісінің елімізге қаншалықты еңбек сіңіргені бізге беймәлім.
Енді, міне, Тәуелсіздіктің арқасында ауылымызға ауданымыздан шыққан Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіровтың есімі берілді.Мектебімізге елімізге танымал сатирик-жазушы, ана тіліміздің жанашыры, жерлесіміз Шона Смаханұлының есімі берілгенін де мақтан етеміз. Тәуелсіздік жылдары С.Шәкіров ауылдық округіндегі екі ауылда көптеген құрылыстар бой көтерді. Атап айтсақ, 2012 жылы Тамабек ауылында қазіргі заман талабына сай орта мектеп пен бес орынға арналған медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Кәсіпкер Берден Байқошқаров осы ауылға мешіт салып беріп, оған қазақ халқының ардақты ұлы Дінмұхаммед Қонаевтың есімі берілді. С.Шәкіров ауылында 2008 жылы жас мамандарға арналған екі жанұялық тұрғын үй пайдалануға беріліп, жаңадан пошта үйі салынды. Ауыл орталығындағы орта мектептің тозуына байланысты, ол да күрделі жөндеуден өткізілді, спорт залы жаңартылып, спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Жылу қазандықтары сұйық отынға ауыстырылды. Газбен жылыту үшін дайындалып қойылды.
Тәуелсіздік жылдары күрделі жөндеуден өткен бұрынғы әкімшіліктің тозығы жеткен ғимараты елу балаға арналған «Еркетай» балабақшасы болып ашылып, халық игілігіне айналды. Биылғы жылға осы балабақшаны газбен жылыту үшін қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдық мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылды. Сыртқы қоршауына да қаражат бөлініп, жұмысы басталды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша қаражат бөлініп, екі ауылдың басты орталық көшелері жарықтандырылды. Осы бағдарлама бойынша екі ауылдың шеткі көшелеріне шағал төселіп, ағымдағы жөндеуден өткізілді. Ауылымызда 28-ші спорт мектебінің филиалы ашылып, ауыл жастары спортпен айналысуда. Жастар күнделікті бокс, футбол, волейбол, күрес т.б. спорт түрлерімен жаттығады. Биыл осы заман талабына сай жабдықталған 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт соғылып, пайдалануға берілді. Ауылымызда 2006 жылы осы ауылдың түлегі, ірі кәсіпкер Кеңесхан Ахаев ағамыздың демеушілігімен «Байтоқты Баба» мешіті салынып, халық игілігіне ұсынылды. Бүгінгі күні мешітке келушілер саны көбеюде. Әсіресе, жастар көбірек имандылық жолына түсуде. Осы салынған мешіт үйі, мектеп, балабақша, ФАП, медициналық пункт, әкімшілік үйі, спорт мектебі, мәдениет үйі, пошта ғимараттары ауылға ажар беруде.
Ауылымызға газ келуі екі ауыл тұрғындарын зор қуанышқа бөледі, Қазіргі күні екі ауыл тұрғындары, осы таза отынның игілігін көруде.
Ауылымыздан өтетін облыстық, аудандық маңызы бар жолдар жөнделіп, асфальт төселді. Жолаушылар жол азаптарынан жеңілдеді.
Екі ауылда да санитарлық, тазалықты жақсарту үшін қоқыстарды төгетін арнайы орындар белгіленіп, оны қоршау жұмыстары атқарылып жатыр.
С.Шәкіров, Тамабек ауылдары «Ауыз су» бағдарламасымен қамтылған. Әр үйге кіргізілген судың сапасы, тазалығы жоғары деңгейде. Ауыл тұрғындары дән риза, алғыстарын да жеткізуде.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын С.Шәкіров ауылының тұрғындары аса зор табыспен қарсы алу жолында еселі еңбек етуде. Осы жылдар арасында ауылымызға егемендіктің арқасында салынған құрылыстар, мектеп, үй, жолдар қосылған газ, таза суды ауыл тұрғындары сезініп, жылдан-жылға халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып келеді.
Анарбек ОСПАНБЕК,
зейнеткер.
С.Шәкіров ауылы.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы