Жарқын жылдар белесі
- Толығырақ
- Құрылды 18.10.2016 08:13
- Категория: Мақалалар
Қара жерден де ауыр қасіреттерден кейін келген қасиетті Тәуелсіздік еліміздің бүгілген белін жазып, еңсесін тіктеді, қыранның қиясына көз салдырды, болашаққа деген сенімді нығайтты.
Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аудандық білім саласы да қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп, мектептер жүдеп, ұстаздар еңбекақысыз жүрсе де, жеткіншектерді білім нәрімен сусындатуды доғарған жоқ. Қайта, сол қиындықты жеңуге белсене кірісті. Мойымады. Жасымады.
Міне, енді ол қиындықтар да тарихтың тасасында қалды. Ел экономикасы қарыштап дамып, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруге құлшыныс жасаудамыз. Алпауыт елдер тарих сахнасынан өз орнын алған Ғажапстан - Қазақстанмен қандай жағдайда да санаспай отыра алмайды.
Білім саласы ауданымызда гүлдену жолына түсті. Тәуелсіздік жылдары Көшек батыр, Бөлтірік шешен, Тамабек, Есейхан ауылдарында мектептің жаңа ғимараты, «Астана» балабақшасы ел игілігіне ұсынылса, Қараой елді мекені мен Қасқабұлақ ауылында жаңа мектеп бой көтергелі тұр. Осының бәрі-Тәуелсіздігіміздің жемісі.
Жақын күндері жергілікті бюджеттен 10,0 миллион теңге қарастырылып, аудандық білім бөліміне қарасты мектептерге деп 100 компьютер алынбақшы. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен 8,0 миллион 928 мың теңге бөлініп, шағын жинақталған 18 мектептің 9-на интерактивті тақталар алу жоспарлануда.
Ұстаз күніне орай еңбек жолы 1991 жылдан басталып, бұл күнде еңбек өтілі 25 жыл болған ұстаздар анықталып, солардың ішінен С.Сейфуллин атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Әлия Бүрлібаева облыстық Білім басқармасы атынан 50,0 мың теңге, көп балалы ана, Абай негізгі мектебінің мұғалімі Зульфия Балықбаева 50,0 мың теңгенің сертификатына ие болып қайтты.
Енді білім бөлімі ауданымызда 1991 жылы туылып, осында мектеп бітірген, бұл күнде әр салада биік жетістіктерге жеткен түлектер-Тәуелсіздік құрдастарының басын қосуға дайындық жасауда.
Дәл қазіргі кезде аудан мектептерінде сурет салудан, шығарма жазудан, ән-би өнерінен түрлі тақырыптарда байқаулар, көрмелер, «Біз тәуелсіз Қазақстанның балаларымыз» атты флеш-мобтар өткізілуде.
Тәңірдің сыйы болған Тәуелсіздік күн сайын өз қуанышын сыйлауда. Олай болса, еліміздің биік мерейі жолында Тәуелсіздік туын берік ұстайық!
Сәуле Сағынбекова,
аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы