Қала көшелері қайта тексеруден өтті
- Толығырақ
- Құрылды 25.10.2016 08:26
- Категория: Мақалалар
Осы жұмыстардың атқарыла бастауына орай облыстық мәслихаттың депутаты, «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сәрсенов облыс әкіміне, облыстық мәслихатқа және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына депутаттық сауал жолдап, нәтижесінде партияның облыстық филиалы жанынан арнайы комиссия құрылып, қыркүйек айының соңында жөнделіп жатқан көшелерді комиссия мүшелері өз көздерімен көріп, кем-кетігін нақты көрсетіп, бірқатар тапсырмалар берген-ді.
Міне, енді осы аптаның ортасында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Ғалым Қасабай бастаған комиссия мүшелері қаламыздағы көшелердің жөнделу сапасын тексеріп, өз ойларын ортаға салды.
Комиссия мүшелері алғаш болып Мамыр көшесі мен Шахтер көшесі бұрылысына тоқтады. Бұл жерде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы, комиссия мүшесі Ерғали Омаровтың сауалдарына осы көшелерді жөндеуден өткізген «Ақ жол» ЖШС-нің директоры Асқар Абай жауап берді.
Ол екі көше де толық жөндеуден өтіп, тек жолдардың екі шетін шағал тастар төгу арқылы ретке келтіру жұмыстары қалғанын баяндады:
- Жол шетін жөндеу жұмысы қашан бітеді?-деген сауалға;
- Бір аптада толық бітеміз,-деген Асқар Абайға Ерғали Омаров бір апта емес, 2-3 күнде бітірулеріңіз керек, - деген талап қойды.
Ал, Шахтер көшесінің жөнделген жолы комиссия мүшелерінің көңіліне қонды. Осы көшені өз міндетіне алған «Талас жолдары» ЖШС-нің басшысы Хабыл Жолдасов жолдың екі шетінде бітпей қалған жерлері бар екенін, оның бәрі 2-3 күнде жөндеуге келетінін жеткізді.
Қойшығара көшесінің жөнделуі, оның жергілікті комиссия мүшелерінің сапасына қарамай қабылдап қойғаны, мердігер «Ақ жол» ЖШС жұмысының кейбір тұстары облыстық комиссия мүшелері тарапынан сынға ұшырады. Аталмыш ЖШС-ке тез арада кемшілікті жоюға тапсырма берді. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Садықбековке осы жұмыстың орындалуын қадағалауды тапсырды.
Бертаев көшесінің сапасы көңілге қонымды болып шықты. Мердігер «Сити Құрылыс» ЖШС директорының орынбасары Отжан Сексенбаев аздаған кемшіліктер болса, оны дер кезінде жөдейтіндерін мәлімдеді. Осы кезде комиссия мүшелеріне жолыққан осы көшенің тұрғыны Пустовая Любовь Владимировна көшенің ретке келгенін, бұрынғы бұрқыраған шаңнан құтылғандарын, ешқандай өкпе-реніш жоқтығын жеткізіп, мердігерге ризашылығын білдірді.
Әуезов көшесінің толық аяқталмай қалуына осы көшеге жауапты мердігер «Тау Құс» ЖШС-нің директоры Әлмахан Сұлтанқұлов битумның жоқтығын себеп болғанын баяндады.
- Егер сіздер бізбен байланыссаңыздар, ол мәселе толығымен шешілер еді ғой. Сіздер ешкіммен хабарласпай, битумды сылтау етіп, жұмысты тоқтатып тастағансыздар. Бұл - өз міндетіне салғырттық, немқұрайдылық, - деген Ғалым Қасабай аяқталмаған жұмысты 3 күннің ішінде шешуді қатаң тапсырды.
Жөнделген көшелерді тексеру жұмысының соңы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалындағы қорытынды жиынға ұласты. Аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев пен партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Қартабаевтың қатысуымен облыстық комиссия мүшелері залға жиналған мердігерлер басшыларының салғырт жұмыстарының себеп-салдарын сұрап, барлық кемшіліктер 3 күннің ішінде қалпына келетін болсын - деген талап қойып, келесі жолы өз жұмыстарына атүсті қараған мердігерлерді атап көрсетіп, тендерге қатыстырмау жөнінде орталық аппаратқа хабарлама жасайтындарын жеткізді.
Осы мәселе бойынша қала тұрғыны Базылхан Тоқтыбаев та өз ойын ортаға салды.
Қамысбай Сауқымов, «Талас тынысы».
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы