Маңызды мәселе қаралды
- Толығырақ
- Құрылды 04.11.2016 05:42
- Категория: Мақалалар
Тіршілігі негізінен төрт түлікке тәуелді халқымыздың бағзы заманнан бері барымташылық ізінен қалмай ілесіп келеді.
Мал ұрлығы мәселесін алдын алу мақсатында аудан әкімі Болат Рысмендиев, аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков пен жергілікті полиция қызметінің басшысы Дархан Рысдәулетов қарашаның алғашқы күні кезекті жиынды Берікқара ауылдық округіне қарасты Майтөбе ауылында өткізді. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Болат Рысмендиев:
- Мал ұрлығының белең алуына басты себеп - ауыл ішіндегі тәртіптің аздығы. Себебі, жау алыстан келмейді. Қорада тұрған төрт түлікті қолды етуге, мал егесінің тұрмыс-тіршілігі мен уақыт кестесін жақсы білетін қаскөй ғана барады. Тағы бір себеп – өрістегі малдың қараусыз қалуы. Жол бойында орналасқан ауыл болғандықтан бақташысыз қалған мал барымташының қолында кетері анық. Сондықтан да, ауыл тұрғындары арасынан еріктілер тобын құрып, кезекшілік өткізуді ұсынамын, - деген Болат Қанатбайұлы ауыл тұрғындарына аудан көлемінде өткізіліп жатқан игі іс-шаралар мен алдағы жоспарлар туралы да баяндап өтті.
Мал ұрлығы қылмыстық ісі жөнінде сөз жалғаған ауданның бас прокуроры Ильяс Тойшыбек соңғы 8 ай ішінде Майтөбе ауылында 1 ғана мал ұрлығы тіркелгенін тілге тиек ете отырып:
- Малды қараусыз қалдыруға болмайды, барымташылық орын алған жағдайда жеделдетіп құқық қорғау орындарына хабар беру керек. Мысалы, Сарысу ауданына қарасты елді мекен тұрғындары өз араларынан кезекшілік құрып, ауылға келген немесе ауыл төңірегінде жүрген кез-келген жолаушыдан аты-жөні мен келу себебін сұрау арқылы сақтықты күшейткен. Осы іспетті сақтық шаралардан сабақ алып аталмыш проблеманың алдын алу қажет, - деді
Жиын барысында ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Айтбек Қуатбеков қылмысты болдырмау мен аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кездесу ұйымдастырып, өзекті мәселеге бей-жай қарамаған аудан басшысына, құзырлы орган қызметкерлеріне алғысын айтып, жергілікті ауылда мал ұрлығы ілуде біреу екендігін жеткізді.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, Берікқара ауылдық округінің әкімі Сағынбек Талқанбаевқа учаскелік полиция қызметкерімен және мектеп директорымен бірлесе отырып, ауыл ішіндегі өзекті мәселелер жайында түрлі іс-шаралар өткізуін тапсырды.
Ернар Әбдіразақ.
Майтөбе ауылы.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы