Қазақ әнінің қаршығасы
- Толығырақ
- Құрылды 22.11.2016 07:12
- Категория: Мақалалар
Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"
Адамның атын ұмыт қалдырмайтын, ұрпаққа жалғастыратын асқақ рухы мен өнегелі өнері. Қос қасиет бойына қатар дарыған таластық талантты тұлға Алтынбек Оразбеков болатын.
Ән қалықтап, өнер қонған құтты өңірдің түлегі көзі тірі болғанда 75 жасқа келер еді. Ер ескерусіз қалса-елге сын. Атадан аманатталған ұлттық дәстүрді ұлықтап, ел мәдениетінің дамуында өзіндік ізі қалған тұлғаны ұрпаққа таныту, болмысын бағалау бүгінгі біздің міндетіміз.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы, Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші-термеші Алтынбек Оразбеков атындағы облыстық әнші-термешілер байқауы өтті.
Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруындағы шараға өңірімізден 20 өнерпаз қатысып, өзара бақ сынады. Өнер сайысының шымылдығы Алтынбек Оразбеков жайында «Қазақстан» РТРК АҚ-ы Жамбыл облыстық филиалы түсірген деректі фильммен ашылды.
Мұнан соң ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтың рухани танымын қалыптастыратын бағыттағы жұмыстарды арттыру қажеттігіне тоқталған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев: -Алтынбек Оразбековтың аудан ғана емес, өңірдің мәдениет саласында ізі қалды. Сал-серілердің жолын жалғаған әншінің өнері кейінгі қанша буынның танылуына себі тиді. Дәстүрімізді дамыту үшін таланттарды демеп, биікке көтерілуіне жол ашуымыз керек, - десе, аудан әкімі Болат Рысмендиев: - Сонау Кеңес үкіметінің тұсында төл әнімізді төрткүл дүниеге танытты. Әннің иірімін қайырудағы мәнері мен жүрекке жеткізуде өзіндік мақамы ерекше. Таланттар ел үшін тер төгеді, тарихта қалады. Тәуелсіздігіміздің арқасында арыстарымызды ақтауға мүмкіндік туып, тұлғаларымыздың есімін жастарға насихаттауға жол ашылды, - деп жиылғандарды алдағы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады.
Сайысқа қатысушылар терме және дәстүрлі әнді орындау бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Өз кезегінде Сыр мақамындағы өнегелі өсиеттер мен қайырымы кең Жетісу мәнеріндегі термелерді шегіне жеткізіп шырқаған дүлдүлдер саз сағынған көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Әр орындаушының сахна мәдениетін сақтап, әннің қалпын бұзбай жеткізудегі тыңғылықты дайындықтары мен терең ізденістеріне өнерсүйер тыңдарман үлкен қошеметпен ықылас танытты.
Өнердің киесін жоғары қойып, игі шараны қолға алған ұйымдастырушылар тарапына ризашылығын білдірген облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы әншімен сапарлас болған сәттерден естелік келтірсе, Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің директоры Батырбек Құлекеев талантты тұлғамен қайта қауыштырған өнерге деген құрметтің арта беруіне тілектестігін білдірді.
Байқау нәтижесінде, бас жүлдені Тараз қаласынан келген өнерпаз Ерлан Ибаділдаев иеленсе, 1-орын жерлесіміз жас талант Нұржан Мәуленге бұйырды. Ал, 2-орынды Шу ауданының әншісі Ербосын Қасымбеков пен тараздық Сәбит Мұхамедьяров өзара бөліссе, 3-орынға меркілік Бағлан Шубаев пен қордайлық Қуаныш Ахметов тұрақтады. Ұйымдастырушылар тарапынан әншінің жары Жамал Оразбековаға құрмет көрсетіліп, арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы