Сайлауалды штабтардың жұмысы

Электоральді үдеріс көрсеткендей, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында әрбір үміткердің нақты бағдарламасы мен жоспары бар. 26 наурызда сайлау компанияларының ең қызықты кезеңі – сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталды.


Толығырақ...
1

Кен орны қнатын жайып келеді

Қамысбай Сауқымов, "Талас тынысы"

«Амангелді Газ» ЖШС-і аудан бюджетіне қомақты салық төлеп отырған айтулы кен орны. 1975 жылы №1 іздеу ұңғымасын бұрғылау арқылы ашылған Амангелді кен орны 2003 жылдың қазанында тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға берілгенін біреу білсе, біреу білмес.


2000 жылдың 12 желтоқсанында «ҚазТрансГаз» АҚ және Қазақстан Республикасы Инвестиция агенттігінің Жер қойнауын қосарлы барлау және көмірсутек шикізатын өндіру жөніндегі келісім-шартына орай «Амангелді Газ» ЖШС-нің аумақтық көлемі 2025,53 шаршы шақырымға ұлғайды. Ондағы газдың қоры С1 санаты бойынша 18952 миллион текше метр, ал, С2 санаты бойынша 6067 миллион текше метр деп есептеледі.
Бүгінгі таңда 40 ұңғыма жұмыс істеп, тәуліктік газдың орташа өнімділігі 1,0 миллион текше метрге жетіп отырғанын айтуға тиіспіз.
Міне, кен орнының табысты еңбегінің арқасында 2013 жылы аудан бюджетіне 166,6 миллион теңге, 2014 жыл 154,1 миллион теңге, 2015 жылы 233,1 миллион теңге салық түсті. Ал, биылғы жылдың 9 айында 154,1 миллион теңгенің салығы бюджет қоржынына түсті.
Қазіргі таңда аудандағы 8 ауыл және 2 мектеп газбен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, биылғы жылға 3 мектеп, 5 балабақшаны газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып және қаражат қарастырылып, осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, 2017 жылы Ақкөл, Қызыләуіт, Ақтөбе, Кеңес, Көшек, Үшарал ауылдарына газ құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындау мақсатында қаражат қарастырылуда.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай осы Амангелді газ конденсаты кен орнында жаңа үш ұңғыма пайдалануға беріліп, аудан, облыс жұртшылығын қуанышқа бөледі.
«ҚазТрансГаз» АҚ-на еншілес компания «Амангелді Газ» ЖШС-нің Амангелді кен орнындағы №129, №131 ұңғымалар мен Жарқұм кен орнының №8 ұңғымасы пайдалануға берілді.
Осы жерде Жарқұм кен орны туралы да бір- екіауыз сөз айта кеткен жөн шығар.
Жарқұм кен орны 1973 жылы №1 ұңғыманы бұрғылау арқылы ашылған болатын. Кейін №2 және №3 ұңғымалары бұрғыланды.
2010 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде көмірсутек шикізатының қоры есептеліп, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қор комитетінде ол С1 санаты бойынша 1,273 миллиард текше метр болып бекітілді. Жарқұм кен орны 2014 жылы тәжірибелік-өндірістік пайдалануға берілді. Амангелді-Жарқұм газ құбырының құрылысы, Жарқұм кен орнын жайластыру жұмыстары жүзеге асты.
Жарқұм кен орнындағы №8 ұңғыма ашылар сәтте сөз сөйлеген. «Амангелді Газ» ЖШС-нің бас директоры Қанат Рахымбергенұлы Құрманалиев «ҚазТрансГаз» компаниясы заманауи технологияларды пайдалану арқылы Амангелді кен орындары тобында газ бен газ конденсатын өндіруді жыл сайын ұлғайтып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл Қазақстанның импорттық көгілдір отыннан бас тартуына және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылған зор үлес болмақ.
Одан әрі Қанат Рахымбергенұлы:
-«Амангелді Газ» ЖШС-і Айрақты кен орнынан Амангелді кен орнына орналасқан газды дайындау пунктіне (ГДП) дейін газ тасымалдауға арналған ұзындығы 24 шақырымдық «Айрақты-Жарқұм» өндірісішілік газ құбырын салуды аяқтады. Амангелді кен орнына балама болатын Айрақты газ кен орнын келесі жылы тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр,-деді.
Салтанатты шарада сөз алған «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» Жамбыл филиалының директоры Александр Федорович: – Мен отандық газ саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет еттім және өзіндік ресурстық базаны кеңейтудің қаншалықты маңызды екенін білемін. Сонау 2001 жылы осы газ кен орындарының игерілу барысына куә болғанмын. Сол кезде отандық газ саласының басшысы Қайрат Шәріпбаев пен тағы бірнеше белгілі газ мамандарының алғашқы қадамдарын, олардың қосқан үлесін өз көзімен көрдім,-деп, енді 15 жылдан кейін отандық газ саласын басқара жүріп, оның Амангелді кен орнын дамытуға күш салып отырғанына куә болғанын айта келіп:
- Ұлттық оператордың ресурстық базасы ұлғайып, тәуелсіз еліміздің қуаты да артады деп ойлаймын,-деген ойын жеткізді.
Газ ұңғымаларының іске қосылуы салтанатына арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рахымжанов бұл күн «Амангелді Газ» ЖШС тарихы мен аудан тарихынан өзіндік орын алатынын, сондай-ақ, осы кен орны аудандағы елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, жергілікті бюджетке айтарлықтай салық құйып отырғаны үшін аудан әкімі атынан ризашылығын білдірді.
Қайрат Аманжолұлы аудан экономикасын дамытуға өз септігін тигізіп жатқан осындай игі істердің бәрі Тәуелсіздіктің арқасы екенін баяндап, кен орны ұжымына толайым табыстар тіледі.
Оңтүстік өңірдегі газ тапшылығын жоюға едәуір үлес қосып келе жатқан Амангелді газконденсаты кен орны 109 адамды жұмыспен қамтып, пайдалануға енгізілген 2003 жылдан бері 4,0 миллиард текше метр табиғи газ, 300,0 мың тонна газ конденсатын өндіріп, күн асқан сайын қанатын жайып келеді.

Талас тынысы

  • Astana
FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер