Сайлауалды штабтардың жұмысы

Электоральді үдеріс көрсеткендей, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында әрбір үміткердің нақты бағдарламасы мен жоспары бар. 26 наурызда сайлау компанияларының ең қызықты кезеңі – сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталды.


Толығырақ...
1

Мейірім

Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"

Өз ұлын өзекке теппеген текті ұлттың тамырынан едік. Бақыт пен байлықтың өлшемі бала екенін білуден қалып барады ма, бүгінгі ұрпақ?

Бауыр еттен безгенде міндет азайып, жүк жеңілдей ме? Жеке басы үшін жасаған әрекетін жалпы ұлтқа тигіз­ген зияным, төндірген қауіпім деп түсіне ме екен. Мұндай жайттар, әсі­ресе, саны аз, үмітін ертеңге артып отырған қазаққа қатысты болғанда жаның сыздап, қысымың көтеріледі. Арамызда ұрпақ­ты ұлағаттайтын, тегін ұмытқан, тасбауырлар кө­бейіп келе ме деген үрейлі ой қаумалайтыны жасырын емес. Олай болмағанда ше? Елімізде 40 мыңға жуық ата-анасының қарауын­сыз қалған бала күн ке­шу­де. Оның 10 мыңға жуығын 188 мемлекеттік ұйым қамқорлыққа алып, өсіріп отыр. Күйзелетінің сол мейіріміне мұқтаж көгенкөздердің 80 пайызы­ның ата-анасы тірі.
Алайда, жастардың бар­лығын бірдей жазғыра беру болмас. Мына бір жайт елдің бүтіндігін ойлаған естияр жанға сабақ, әрі үлгі болмақ. Некесіз туылған қызын алған жас ана Меркіге тұрмысқа шығады. Сонда шаңырақ құрып, төрт баланы өмірге әкеледі. Бірақ, балалардың ата-аналарымен бірге болу бақыты ұзақ­қа бармайды. Ер­лі-зайып­тылардың дәм-тұзы жарас­пай әкесі балаларына мойнын бұрмастан кете барады. Үйдің базары болған бес құрсақты алып жүруді ауырсынған анасы да олардан бас тартады. Не күй, не күтім жоқ балалар мектептен қалады. Алды 13-те кішісі 4-те шарасыздың күйін кешкен оларды аудандық ювеналды полиция тобы алып, балалар үйіне өткізеді. Көз ашқаннан ауыр тағдыр пешенесіне жазылған алды ес білген бес үбірдің қым-қиғаш өмірі басталады. Бала ғана емес, бас көтерген ересектің жүйкесіне салмақ салатын түрлі көрініс пен іш тырнаған ойларды дүниеге келгеннен басқа кінәсі жоқ олар да бастан кешіреді. Арада уақыт сала, қорғансыз қалған бес баланы іздеушісі табылып, нағашы әжесі қолына алады. Тиісті жәрдемақысы тағайындалады, бауырға басқан қамқоршы табылғанына балалар шын қуанып, қиындықтан құ­тыл­ғандай сезінеді. Кейде тағдырдың бір айналдырғанды, шыр айналдыратыны бар. Бейғам күндер өткінші екен. «Оларға қарайтын жан болмағандықтан жүгенсіз кеткен, бағуға жарамаймын», - деген әже алған жеріне қайта тапсырмақ болады. Қорғансыз тірлік пен сүреңсіз күннің дәмін татып қалған бес бала бармаймынға салып, азар-безерге басады. Одан ары оқиғаны аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Алтынай Тапелова былай деп әңгімелеп берді.
-Сол сәтте балалардың үстінде мектепке баратын киімі де жоқ болатын. Күз түсіп, күн ызғары арта бастаған шақ. «Мектепке жол» республикалық акциясы арқылы қажетті киіммен қамтамасыз еттік. Үйренген үйден кеткенде катты қиналды. «Жасалған қорғаншылықтан бас тартамын, балалар үйіне өткіземін»,- деп әжесі маған әкеліп тастады. Өзім тұрған үйге әкеліп, қолдан келген қамқорлығымды көрсеттім. Содан бір-біріне ілескен бесеуін Тараз қаласындағы Сармолдаев балалар үйіне өткіздім. Әсіресе, қоштасқанда жүрегім ауырды. Расында, көз қиып қарап тұратын жағдай емес қой. Ондағы балалар тәрбие мен білімді алар , ал жылуды кім береді. Мейірім тек анадан тарайды. Үйге келген соң көпке дейін көрініс көз алдымнан кетпей қойды. Әсіресе, баланың кенжесі Іңкәр аз уақытта маған бауыр басып қалыпты. Күнде жатар алдына тәрбиешілері арқылы телефонмен сөйлесіп, алдандырып жатқызамын. Артынан өзім уайымға бата­мын. Бұлай жалғаса беруін қаламадым. Алдағы жоспар мен болашаққа қойған мақсат баладан артық емес, ата-анаммен ақылдасып, асырап алмақ болып шештім,-деді өзі әлі тұрмыс құрып, ана атана қоймаған Алтынай Бекботақызы.
Ия, бұл Алтынайдың әрекеті қазақы қайсар қан­мен біткен батыл қадам. Оның аяныштан емес, ана­лық мейірімнен туған, көзжұмбай­лықпен емес көңіл сүзгісінен өткен саналы тоқтамы сөзсіз көпке үлгі. Үш ұлдың алды, үйдің үлкені Алтынайдың ата-анасы да еңбегін балалар тәрбиесіне арнаған жандар. Әкесі Бекбота «Үміт» балалар үйінде сабақ берсе, анасы «Мирас» балабақшасында қызметте. Сондықтан, баланы «Тәңірдің несібесі» деп түсінетін шуақты шаңырақта бес жанға бірдей орын табылды. Алтынай білім бөлімінде бас мамандықтан бөлек, тастанды, қамқор­сыз қалған балалар ісімен шұғылданатын Қорған­шы­лық және қамқоршылық комиссиясының хатшысы.
-Қиындықты ерте тарт­қан­нан ба, балалар өте есті, айтқанды екі етпейді. Қазір қатарлас екі інім бар, солармен бірге туғандай сіңіп кетті. Үлкені Дилназ 8-сыныпта, Досжан 3- сыныпта, Ернат 2-сыныпта Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте оқиды. Ал, Нұрдәулет пен Іңкәр балабақшаға барады. Жан-жақтан жақын­да­рым көмектесіп жатыр. Бәрі бірдей бауырмал, қылық­тары тәтті. Қиындыққа бейімделген. Ауыр сәттер артта қалды, біз бір-бірімізге туыспыз деп жұбатамын. Ата-ананың қадірін енді түсініп келе жатқандаймын. Бұрын басқаша еді, қазір жұмыс уақыты аяқталысымен үйге асығамын. Ана болу үлкен бақыт екен,-дейді жүрегі жылуға толы мейірім иесі.
Күні кеше ғана Алтынай үйінде жақындар, көршілердің басын қосып бата-тілегін алу үшін мешіт­тен имам шақырып, тамақ таратты. Көктемге таяу, күн жылына кіші балаларды мұсылмандық міндетті өтеп, сүндетке отырғызбақ.
Бала артық емес, бала бақыт білгенге. Алтынайдай өжет жандардың ар­қа­сында ұлттық болмысы­мыз сақталып келеді. Еңбегі ерлікке лайық, жарымжандардың жанашыры, тіреусіздің тілекшісі де осындай жандар. Қазақы қасиетінен айнымаған, ізгі жолды жалғаған Алтынайдың шаңырағына шаттық пен береке тілейміз!

Талас тынысы

  • Astana
FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер