Әлеуеті артқан а қаланың сәулеті де көркеюде
- Толығырақ
- Құрылды 20.01.2017 09:52
- Категория: Мақалалар
Мадина Жарас, "Талас тынысы"
Сәрсенбі күні қаламыздағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте Қаратау қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айтолқын Абдибекова тұрғындар алдында «Қаланың 2016 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2017 жылы алда тұрған міндеттер туралы» есебін берді.
Өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралаған Айтолқын Серікқызы есепті баяндамасында осы уақыт ішінде кезең-кезеңімен шешімін тапқан қаланың әлеуметтік- экономикалық маңызды мәселелеріне жеке-жеке тоқталды. Атап айтар болсақ, жыл санап сәулеті артып келе жатқан Қаратау қаласының индустриалды- инновациялық дамуындағы жетістіктер, жақсарған демографиялық жағдай, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің қайта жаңғырған инфрақұрылымы, білім беру саласы мен денсаулық сақтау саласы, бұқаралық спортты дамыту мен қатар басқа да маңызды мәселелердің барлығы баяндамада толығымен қамтылды.
Есепті жиында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрал Нүрпейісов осы кезең ішінде атқарылған істердің көпшілігі нәтижелі болғандығын, көптен бері түйінді мәселе болып келген қала көшелерінің жөнделуі, жұмыссыздық мәселесі оң шешімін тапқандығын айта келіп, алдағы уақытта қала көшелерін жарықтандыру толығымен жүргізілсе, көп қабатты тұрғын үйлердің алдына бейне бақылау орнатылса,- деген ұсынысын білдірді. Мұнан соң жарыссөзге шыққан аудандық мәслихаттың депутаты Мадиярбек Міралиев пен партия ардагері Талғат Жұмабек қала басшылығының есепті мерзімде атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, өз кезегінде тұрғындар «Шанхай» деп атап кеткен қаланың шығыс жақ бөлігінде спорт алаңдары мен балабақша сынды әлеуметтік нысандар салынса, осы мәселе алдағы жылдардың жұмыс жоспарына енгізілсе,- деген тілектерін жеткізді.
Есепті кездесуде сондай-ақ, үшінші мөлтек ауданының тұрғындары тарапынан да айтылған қаланың тазалығы, көп қабатты тұрғын үйлердің арасын жалғап жатқан жолдардың тазалығы, көшеде, әсіресе, кешкі мезгілде қаптап жүретін иесіз қаңғыбас ит, мысықтарды жою мәселесі мен осы мөлтек ауданда орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті қайта жөндеуден өткізу мәселелері толық назарға алынып, бірқатарына түсінік берілді. Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселе бойынша қаулы жобасы мақұлданып, бірауыздан қабылданды.
Осындай жиын кеше қаламыздағы М.Әуезов атындағы орта мектепте өтіп, онда Қаратау қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы А.Абдибекованың есебі тыңдалды.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы