Ұйысқан елдің ұтары көп
- Толығырақ
- Құрылды 14.02.2017 06:54
- Категория: Мақалалар
Қамысбай Сауқымов, "Талас тынысы"
Аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде өзінің «2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2017 жылы алда тұрған міндеттер туралы» есебін беріп болған соң қорытынды есебін аудан жұртшылығы алдында Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Серікбекұлы Орынбеков қатысқан жиында берді.
Әр сала бойынша жеке-жеке тоқталған аудан басшысы өткен жылы аудан тұрғындарының бірлесе атқарған еңбегінде береке болғанын дәйекті мысалдар келтіре отырып айтып шықты. Еселі еңбекпен еңсесі көтерілген таластықтардың 2017 жылы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жете түсініп, жұмыла еңбек ететіндеріне сенім білдірді.
Жарыссөзге шыққан ауданның Құрметті азаматы Байзақ Көлбайұлы таластықтар 2017 жылды мол табыспен қарсы алғанын, әлі талай асуларды бағындыратынын айтып, Қаратау қаласы мен ауылдар арасындағы бұрынғы автобустар қатынасын қайта қолға алса деген пікірін білдірді.
Ал, Берікқара ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбек Қуатбеков өзі басқарып отырған «Берікқара» шаруа қожалығы мен Қалмахан Сатымбеков басқаратын «Нұрлыбек» шаруа қожалығы бірлесе еңбек етіп, елеулі табыстарға қол жеткізгенін баяндады.
Сөзінің соңында А.Қуатбеков Майтөбе ауылына газ кіргізілсе деген өтінішін жеткізді.
Осыған орай аудан әкімі Б.Рысмендиев Тамды ауылынан Қожағаппар ауылы арқылы Майтөбе ауылына газ құбырын тарту арақашықтықты қысқартатынын түсіндіріп, Бекболат Серікбекұлынан осы мәселе шешімін табуына ықпал етуін сұранды.
Сондай-ақ, А.Қуатбековтың ұсынысы бойынша Майтөбе ауылындағы А.Дәулетбеков атындағы орта мектеп пен оның спорт залы арасын қосып, оқушыларға жағдай жасалатыны да айтылды.
Осы жиында жарыссөзге шыққан Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Сулхадин Мустафаев, аудандық мәслихаттың депутаты Ұлжалғас Аманжолова, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Нұрсұлтан Манатбеков және қаламыздағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Түменбаева 2016 жыл аудан жұртшылығы үшін толайым табыстарымен есте қалғанын баяндап, таластықтар әлі де табыстар тасқынын молайта беретінін жеткізді.
Жиында сөз сөйлеген Бекболат Орынбеков облыс деңгейінде 2016 жылы атқарылған жұмыстар барысына тоқталып, Таласта атқарылған жұмыстарды да саралады.
Бекболат Серікбекұлы өткен жыл аудан үшін жағымды жаңалықтарға толы болғанын, 4 жылда Қаратау қаласында 773,0 миллион теңгеге үш көп қабатты тұрғын үй жөнделіп, тұрғындар игілігіне ұсынылғанын жеткізді. Ал биылға қалаға 457,0 миллион теңге бөлініпті.
Б.Орынбеков қаладағы жол мәселесінен де айналып өтпеді. Көшелерге жүргізілген ауыз су құбырларын әр үйге кіргізу жөнінде әңгіме қозғап, жұмыстың сапасына баса көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.
Қазіргі таңда Қаратау қаласы бойынша 1423 адам үй кезегінде тұр. Оларды пәтермен қамтамасыз ету үшін бос тұрған көпқабатты үйлерді жөндеуді уақыт оздырмай қолға алу керектігіне тоқталды. Бекболат Серікбекұлы 5-мөлтек аудандағы үйлерді жөндеуден өткізгеннен гөрі қалаға кірер жол бойындағы – Б.Момышұлы көшесіндегі бос көпқабатты үйлерді жөндеу тиімді екенін, қалаға келген қонақтардың көзіне алғаш осы көшедегі үйлер түсетінін баяндап, қала ажарына көңіл бөлу керектігін баса айтты.
Сондай-ақ, ол мал өнімдерін өндіруді ұлғайтып, ветеринариялық жұмыстарды жақсарту керектігін жеткізіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы жөнінде түсінік берді.
Сөзінің соңында Бекболат Орынбеков мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған міндеттерді орындау барша қазақстандықтардың парызы екенін түсіндіріп, еліміздің ертеңі үшін жігерлі еңбек етуге шақырды.
Жиынға қатысушылар аудан әкімі Болат Рысмендиевтің есебіне бірауыздан оң баға берді.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы