Елдің жаңғыруы нұрлы болашаққа бастар қадам
- Толығырақ
- Құрылды 01.03.2017 05:26
- Категория: Мақалалар
Мадина Жарас, "Талас тынысы"
Балалар өнер мектебінде өткен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс XIX- конференциясы мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде Ата Заңға енгізілетін өзгертулерді және Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналды. Конференцияға «Қаратау» ТКӨК-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Сәрсенов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме, ұйым басшылары мен ауыл әкімдері қатысты.
Жиында аудан әкімі Болат Рысмендиев сөз алып мемлекет басшысы ұсынған бастамалардың аса маңыздылығын атап өтті.
- Осыдан аз ғана уақыт бұрын өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткен мемлекетіміз дамудың үшінші белесіне аяқ басты. Ширек ғасыр ішінде ел іргесі бекіп, мемлекетіміз қалыптасып, нығайды. Биылғы Жолдауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық көкейкесті сын - қатерлерге, оның ішінде, жедел қарқынмен жүріп жатқан жаһандану үдерістері, терроризм қатері, геосаяси тұрақсыздықпен жалғасып жатқан экономикалық дағдарысқа төтеп беретін жаңа бағыттарды ұсынды. Жолдау еліміздің сыртқы және ішкі саяси бағдары. Сонымен қатар, елдегі басқару жүйесін реформалауға қатысты мемлекет басшысының Үндеуі биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтарының рөлін нығайту, саяси жүйені одан әрі демократияландыру болып табылады. Бүгінгідей жағдайда Елбасының бұл бастамасы еліміз үшін маңызды әрі өзекті болып отыр, - деген аудан басшысы бұдан соң Жолдауда айтылған басымдықтар бойынша ауданда бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталып, алда тұрған міндеттерді атады.
Конференция барысында сондай-ақ, аудандық мәслихаттың депутаты Мадиярбек Мірәлиев, ардагер ұстаз Ілес Нұрұлы, лицей директоры Мақсат Қазанғапов жарыссөзге шығып, Елбасы Жолдауының маңызды бағыттарын атап, өкілеттіліктерді қайта бөлу жаһандық үдерістер жағдайындағы жаңашыл қадам екендігін жеткізсе, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Сәрсенов Жолдаудан туындайтын міндеттер негізінде облыста жүзеге асып жатқан ауқымды істерді әңгімеледі. Ол өз сөзінде Елбасының Үндеуі мен халыққа арнаған кезекті Жолдауы облыстың барлық аймақтарында, оның ішінде әсіресе, жастар алаңдарында қызу талқыланып жатқандығын жеткізіп, аудан халқын Ұлт көшбасшысының бастамасын бірауыздан қолдауға шақырды.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы