Жаһандану көшіне ілесеміз десек ұтымды ой мен жүйелі жұмыс керек
- Толығырақ
- Құрылды 14.03.2017 05:19
- Категория: Мақалалар
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Б.Қ.Рысмендиев, аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков, Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасы Талас аудандық филиалының басшысы Ұлан Жолдықұлұлы, аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтардың төрағалары және мекеме басшыларының қатысуымен «Кәсіпкерлікті қолдау-қоғам дамуын қолдау» атты акция өтті.
Жиында аудан әкімі Болат Рысмендиев қазіргі жаһандану кезеңінде кәсіпкерлік күн тәртібіндегі басты мәселе болып отырғанын, Елбасының биылғы бес басымдықтан тұратын Жолдауының алғашқы үш басымдығы толықтай бизнес саласына бағытталғанын, әсіресе, екінші басымдықта бұл сала бойынша жан-жақты атап көрсетілгенін айта келіп:
-Осы екінші басымдықта 2050 жылға дейін шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізу жөнінде баршамыздың алдымызға үлкен де жауапты міндет қойып отыр. Осы мақсат бойынша кәсіпкерлікті дамыту-кезек күттірмес мәселе екені баршаңызға мәлім,-десе, Ильяс Тойшыбеков облыстық Кәсіпкерлер палатасы Талас аудандық филиалы мен аудан прокуратурасының бірлескен осы акциясы бизнес жолында жүрген жандарға қажетті мағлұматтар беріп, көкейдегі түйінді мәселелерді шешеді деген ойда екенін баяндап:
- Бүгінгі жиынның мақсаты-бизнес және билік өкілдерінің бірлескен алаңын құру, бизнеске тосқауыл болатын кереғар істердің алдын алу. Сондықтан да бүгін көкейкесті ой мен пікірлер ортаға салынуы керек,-деді жиынға қатысушыларға.
Өз кезегінде сөз сөйлеген аудандық «Бизнес-инкубатор» директорының орынбасары Жандос Оразбаев, “Жұмыспен қамту орталығының” директоры Ернұр Еркебаев, Ұлан Жолдықұлұлы қаралып отырған мәселелерге қатысты пікірлерін ортаға салды.
Баяндамашылардың сөзінен соң залда отырғандар тарапынан сауалдар жауды. Қаратау қаласындағы белгілі кәсіпкер Клара Каюпова:
-Жолдауда несие алам деушілерге 16,0 миллион теңгеге дейін қаржы берілетіні айтылды. Ал енді, осы 16,0 миллионды алу үшін біз оның артында қанша уақыт жүруіміз керек. 2-3,0 миллион теңге несие алу үшін қаншама уақытымызды сарп етеміз, жүйкемізді тоздырып, соңында одан да күдерімізді үземіз. Ал, 16,0 миллион теңге несиені тіпті ала алмайтын шығармыз. Осыған не айтасыздар?-деген сауалына облыстық Кәсіпкерлер палатасы Талас аудандық филиалының сервистік қызмет көрсету кеңесшісі Абзал Абдикеримов жауап берді.
- 2016 жылдың екінші жартысынан бастап облыстық Кәсіпкерлер палатасының жанынан «Атамекен-Тараз» микроқаржылық ұйым өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда Талас ауданының кәсіпкерлері өз өтініштерін білдіріп, оларға көмек көрсетілуде.
Бұл ұйым ауылдардағы және моноқалалардағы жеке кәсіпкерлерді, сонымен қатар, шаруа қожалықтарын қаржыландырумен айналысады.
Несиелендіру 15,0 миллион теңгеге дейін 36 айға беріледі. Пайыздық мөлшерлемесі 4 пайызды құрайды. Қарыздарды ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет және жылына бір рет өтеуге болады.
Кепілдікке жылжымайтын мүлік және үшінші тұлғалар жүреді.
Несие алушының салыққа, екінші деңгейлі банктерге 12 ай мерзімінде өтелмеген қарыздары болмауы тиіс,-деді.
Сондай ақ, К.Каюпова несиені өтеу мерзімін 3 жылдан асырып ұзартуға бола ма деген сауалын да қойды.
Қалада тұратын кәсіпкер Серікбай Бапахов биелерінің құлын тастағанын, 20 биеден бір-ақ құлын алғанын жеткізіп, осы мәселе бойынша көмек бола ма екен деген сауал тастады.
Бұл сауал бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ-ы облыстық филиалының менеджері Нұрлан Ералиев толықтай түсіндіріп, Серікбай Бапахов тұщымды жауап алды.
Қала тұрғыны Гүлнар Туляеваның:
- Мен қалада тұрып, мал асыраумен айналыссам деймін. Ол үшін несиені қалай ала аламын?-деген сауалына аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров:
- Ауылдар үшін бұрын шағын несие бағдарламасы болған қазір ол күшін жойды. Қазіргі таңда қала мен ауыл үшін жаңа жоба дайындалып жатыр. Несие 6 пайызбен берілетін болады және екінші деңгейлі банктен ала аласыздар. Қалалықтар «Даму» қоры арқылы, ал ауылдықтар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы несие алуды жүзеге асыра алады, - деп жауап берді.
Үшарал ауылынан келген азаматтың ауылдағы үйлерінің кепілдікке жүрмейтінін, осы жағын бір ретке келтірсе деген өтінішін жеткізді.
Сондай-ақ, жиында Есейхан ауылындағы «Күміскүл апа» шаруа қожалығының төрағасы Қуаныш Омаров бұрғылау арқылы су шығару мәселесінің қиындығын сөз етті.
Жиынды аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков қорытындылады.
Қ.Маханұлы.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы